Алтын Орданың экономикалық құрылымын жан-жақты зерттеген жөн — Тоқаев

АСТАНА. KAZINFORM — Көшпенділік пен отырықшылық салтының үйлесім табуы Алтын Орданың тарих сахнасына жарқырай шығуының бірден-бір себебі болды. Бұл туралы елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан «Алтын Орда — дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты Халықаралық симпозиумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Ақорда

— Алтын Орданың экономикалық құрылымын жан-жақты зерттеген жөн. Баршамызға белгілі, ежелдегі Месопотамия, Мысыр, Қытай, Үндістан өркениеттері көп жағдайда өзен аңғарларын игеру арқылы қалыптасты. Ал Ұлы Дала мүлдем басқа тарихи даму жолынан өтті. Осыдан 5 мың жыл бұрын қазіргі Қазақстанның солтүстігінде орналасқан Ботай жерінде адам баласы ең алғаш рет жылқыны қолға үйретті. Бұл әлем тарихына түбегейлі жаңа сипат берген оқиға болды, — деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, атқа міну мәдениетімен қатар дала өркениетінде стратегиялық ойлау қабілеті және мейлінше қолайлы өмір сүру салты пайда болды.

— Осылайша, Алтын Орда Еуразияның ұланғайыр даласындағы барлық негізгі көлік, сауда және гуманитарлық байланыстарды бақылауында ұстап, салт атты көшпенділер өркениетінің ең биік шыңына көтерілді. Бұл орайда көшпенділік пен отырықшылық салтының үйлесім табуы Алтын Орданың тарих сахнасына жарқырай шығуының бірден-бір себебі болды деуге толқы негіз бар. Түптеп келгенде Алтын Орда көшпенділер өмірін қаладағы қолөнер мәдениеті мен сауда жолдарын өзара тығыз байланыста дамыту арқылы тұрақты ақша және салық жүйесі бар, экономикасы дамыған ел ретінде қалыптасты, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Симпозиум барысында Президент Алтын Орда Батыс пен Шығысты жалғап, түрлі өркениеттердің дамуына, мемлекеттердің қалыптасуына ерекше ықпал еткен аса ірі саяси құрылым болғанын айтты.