Алтын Орданың тікелей мұрагеріміз — Мемлекет басшысы

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа Конституцияда мыңдаған жылдарға созылатын тарихы бар Ұлы дала сабақтастығын сақтау қастерлі парыз екені нақты көрсетілді. Бұл туралы елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан «Алтын Орда — дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты Халықаралық симпозиумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. 

Алтын Орданың тікелей мұрагеріміз — Мемлекет басшысы
Фото: Ақорда

— Баршаңызға белгілі, Қазақстан соңғы жылдары ауқымды саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асырып жатыр. Мұның еліміз үшін аса маңызды және өте жауапты қадам екені сөзсіз. Сондықтан біз алдымызда тұрған міндетті де жақсы түсінеміз: сана өзгермей, қоғам да жаңғырмайды, мемлекет те өркендемейді. Бұл — ақиқат, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің атап өтуінше, оның ішінде тарихи сабақтастықты сақтау мәселесі аса өзекті.

— Онсыз ешқандай даму болмайтыны анық. Өткенге құрметпен қарамасақ, жарқын болашаққа қарай бет алу да қиын болмақ. Сол себепті біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарай нық сеніммен қадам басамыз. Жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституцияда мыңдаған жылдарға созылатын тарихы бар Ұлы дала сабақтастығын сақтау қастерлі парыз екені нақты көрсетілді. Өйткені біз — мемлекет ісінде «Мәңгілік ел» идеясын ту еткен Алтын Орданың тікелей мұрагеріміз, — деді Мемлекет басшысы.

Президент Алтын Орда сол кезеңдегі көптеген мемлекетке қарағанда өз дамуында стратегиялық ашықтық қағидатына берік болғанына назар аудартты.