Алтынның қымбаттауы Қазақстанның қаржылық «қауіпсіздік жастығын» ұлғайтты
АСТАНА. KAZINFROM – Қазақстанның халықаралық резервтері тамыз айында бірден 7,25 млрд долларға өсіп, 70,57 млрд долларға жетті. Бір айдағы өсім 11,4 пайыз деген сөз. Бұл көрсеткіштің артында соңғы жылдары жинақталған алтын қорының қымбаттауы тұр.
Ұлттық банктің дерегіне қарағанда, тамызда алтын активтерінің құны 48,17 млрд доллардан 55,8 млрд долларға дейін көтерілді. Бір айда өсім 7,62 млрд доллар немесе 15,8 пайыз болды. Ал шетел валютасындағы активтер керісінше 15,15 млрд доллардан 14,78 млрд долларға дейін қысқарып, 377 млн долларға азайды.
Демек, халықаралық резервтің тамыздағы 7,25 млрд долларға өсуін түгелге жуық алтын активтерінің ұлғаюы қамтамасыз еткен. Резервтің долларға шаққандағы бағасы алтынның нарықтағы құны өскен кезде автоматты түрде артып отыр. Тамызда әлемдік нарықта алтынның бір грамы шамамен 130 доллардан 145 долларға дейін қымбаттап, бір айда 11,2% өскен болатын.
Бұл үрдістің негізі бұған дейін қаланған. Қазақстан бірнеше жыл бойы алтын-валюта резервіндегі алтынның үлесін жоғары ұстап, отандық өндірушілерден алтын сатып алып келді. Соның нәтижесінде Ұлттық банктің алтын қоры ірі көлемге жетті. World Gold Council дерегі бойынша, маусым айының соңында Қазақстан Ұлттық банкінің алтын қоры 361 тонна болған. Алтын сол кезде Ұлттық банктің халықаралық резервтерінің шамамен 78%-ын алып тұрды. Енді әлемдік нарықта алтын қымбаттаған сайын сол қордың баланстық құны да өсіп отыр.
Мұның нәтижесі елдің сыртқы қаржылық қорғанысында анық көрінеді. Ұлттық банктің халықаралық резервтері ғана емес, Ұлттық қордың валюталық активтері де жоғары деңгейде тұр. Тамыз соңында Ұлттық қордың активтері 68,24 млрд долларға жетіп, бір айда 2,12 млрд долларға немесе 3,2 пайыз өсті. Халықаралық резервтер мен Ұлттық қордың валюталық активтерін бірге есептегенде, Қазақстанның сыртқы қаржылық активтері шамамен 138,8 млрд долларға жетті.
Халықаралық резервтің ұлғаюы халыққа не береді?
Бұл көлем ел үшін маңызды буфер саналады. Ұлттық банк халықаралық резервтерді, қажет болса, төлем балансының тапшылығын жабуға, валюта нарығына ықпал етуге, ұлттық валютаға деген сенімді қолдауға пайдалануға болатын жоғары өтімді сыртқы активтер ретінде ұстайтынын ашық жазған.
Резервтің ұлғаюы Қазақстанның сыртқы күйзелістерге төтеп беру мүмкіндігін күшейтеді. Мұнай бағасы төмендеп, экспорт түсімі қысқарса, сыртқы қаржы нарықтарындағы жағдай құбылып, импорт төлемдері өссе, қомақты резерв маневр жасау мүмкіндігін арттырады. Халықаралық резервтер Қазақстанның егемен кредиттік рейтингін бағалаған кезде де осы көрсеткішке мән береді. Fitch Ratings Қазақстанның «BBB» рейтингін растағанда халықаралық резервтердің қомақты көлемін елдің күшті жағы ретінде атаған болатын.
Бірақ резервтің бүгінгі көрінісі «Қазақстанның қолына қосымша 7 млрд доллар түсті» деген сөз емес. Тамыздағы өсімнің негізгі бөлігі – қайта бағалау әсері. Алтын қымбаттаған кезде резерв көбейеді, бірақ алтын бағасы төмендесе, осы өсімнің бір бөлігі кері қайтуы мүмкін.
Басқаша айтсақ, Қазақстанның соңғы жылдары алтын жинау саясаты дәл қазір тиімділігін көрсетіп отыр. 2025 жылдың соңында Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері 65,4 млрд долларға жетіп, бір жылда 19,6 млрд долларға немесе 42,8 пайыз өскен. Ұлттық қордың активтерімен бірге елдің халықаралық резервтері 129,3 млрд долларға жеткен еді. 2026 жылы бұл үрдіс жалғасты.
Алайда резервтің жалпы көлемі өсіп жатқанымен, оның құрамында алтынның салмағы бұрынғыдан да жоғары бола түсті. Өйткені резервтегі валюта активтері жыл басынан бері 18,7 пайызға қысқарған.
Ұлттық банк бұған дейін резервтердегі алтын үлесін төмендетіп, алтынның бір бөлігін нарыққа сататынын да хабарлаған. Соған қарамастан алтын бағасының жоғары болуы Қазақстанның резерв көрсеткішіне күшті оң әсер беріп отыр. Бірақ «қауіпсіздік жастығының» бір бөлігі алтын бағасына тәуелді деген сөз. Өйткені алтынның қымбаттауы резервті бір күнде ұлғайта алады. Ал алтын күрт арзандаса, резервтің доллармен есептегендегі көлемі дәл сондай жылдамдықпен төмендеуі мүмкін.
Айта кетейік, алтын сатып алып жатқан тек біз емес. Қытайдың орталық банкі осымен 22 ай қатарынан алтын қорын ұлғайтып отыр.
Тамыздағы сатып алу көлемі 2023 жылғы қазандағы көрсеткішке жақындады. Ол кезде Қытай Халық банкі алтын қорын бір айда 740 мың унцияға арттырған еді.
Сонымен қатар Қытайдың валюталық резервтері де өсті. Тамыз айының соңында елдің валюта қоры алдыңғы аймен салыстырғанда 19,5 млрд долларға ұлғайып, 3,4383 трлн долларға жетті. Осылайша, көрсеткіш екінші ай қатарынан өсіп отыр.
Ұлттық қордың жағдайы
Ұлттық қордың валюталық активтері тамызда 68,24 млрд долларға жетті. Шілдеде бұл көрсеткіш 66,12 млрд доллар болған. Бір айда қор активтері 2,12 млрд долларға немесе 3,2% өсті деген сөз. Жыл басында Ұлттық қордың валюталық активтері 63,89 млрд доллар болған. Осылайша сегіз айда активтер 4,35 млрд долларға немесе 6,8% артқан.
Қор активтерінің өсуімен қатар, одан бюджетке қаражат алу жалғасып отыр. Қаңтар-тамызда Ұлттық қордан 2,53 трлн теңге трансферт бөлінді. Әсіресе маусым және шілде айларында 460 млрд теңгеден алынса, тамызда 208 млрд теңге бөлінді.
Ұлттық қордан валюталық сату көлемі де ай сайын құбылып отырған. Қаңтарда 350 млн доллар, ақпанда 400 млн, наурызда 400 млн, сәуірде 300 млн, мамырда 500 млн, маусымда 660 млн, шілдеде 700 млн, тамызда 200 млн доллар сатылды. Сегіз айда жалпы 3,51 млрд доллар сатылған. 2026 жылдың екінші тоқсанында қордың инвестициялық табысы 2,92 млрд доллар болды.
1 тамыздағы жағдай бойынша заңды және жеке тұлғалардың банктердегі депозиттері бір айда өсіп, жалпы көлемі 50 трлн теңгеге жуықтады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттегінің мәліметінше, заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 1,8% өсіп, 22,5 трлн теңгеге, ал жеке тұлғалардың депозиттері 1,3% артып, 28,4 трлн теңгеге жетті.
Ұлттық валютадағы депозиттер көлемі де ұлғайған. Бір айда теңгедегі депозиттер 2,3% өсіп, 41,2 трлн теңге болды. Ал шетел валютасындағы депозиттер 1,5% азайып, 9,7 трлн теңгеге дейін төмендеді. Агенттік мұны, басқа факторлармен қатар, теңгенің АҚШ долларына қатысты 1,5%-ға нығаюы аясындағы қайта бағалаумен түсіндіреді.