«Алтын торпақ KZ» автожарысы экспедициясы басталды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл жобаның басты мақсаты - еліміздің халықаралық мәртебесін нығайту, қазақстандық автоспортты насихаттау және Қазақстандағы жиперлік қозғалысты дамыту. Сонымен қатар экологиялық, экстремальды туризмнің дамуына және жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге, салауатты өмір салтын қалыптастыруға атсалысу. Экспедицияға қатысушылардың арасында Қазақстан, Қырғызстан және Ресей чемпиондары бар», дейді жарыстың бас төрешісі Виталий Тарасенко. Оны «Нұр Отан» ХДП, Алматы қаласы мен Алматы, Қарағанды, Ақмола облыстары әкімдіктерінің қолдауымен «Off Road Kazakhstan» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып отыр. «Алтын торпақ KZ» деп аталатын бұл автожарыс Алматы-Бурабай бағыты бойынша Алматы, Талдықорған, Балқаш, Қарағанды, Астана және Бурабай аумағы арқылы өтеді. Жарыстың бірінші кезеңі Бурабай саябағында шілденің 16-сы күні өз мәресіне жетеді. Ал шілденің 17-сі күні болатын екінші кезең сайысында «Сарғылтым экспедиция 2010» жарысының жүлдесі ұтысқа салынады.
Жалпы «Off Road Kazakhstan» қоғамдық бірлестігінің негізі осыдан 6 жыл бұрын қалыптасқан болатын. Коммерциялық емес бұл ұйым бұған дейін жол талғамайтын көліктердің «Қапшағайлық Баха», «Үшқоңыр», «Алгабас арайы», «Трофи көшпендісі», «Утюги- Трофи», «Квадро Драйв» сияқты түрлі жарыстарды ұйымдастырып автожарыс жанкүйерлерінің алғысына бөленген еді.