«Алтын тойын» атап өткен алтын ұя - БҚО
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жуырда Тасқала ауданы орталығы Тасқала ауылында тұратын Жәнібек пен Гүлшат Лұқпановтар «алтын тойларын» атап өтті.
Жарты ғасыр бойы жарасымды ғұмыр кешіп, алты бала тәрбиелеп өсіріп, немере-жиендерінің қызығын көріп отырған ата-әже шынында да бақытты, өмірлері де үлгі етуге тұрарлық.
Жәнібек Ғабдолұлы Лұқпанов 1942 жылы 10 маусымда «Степной» кеңшарына қарасты №3 фермада, Ленинжол елді мекенінде сегіз ағайындының үлкені болып дүниеге келеді. Сәбидің әкесі Ұлдан ағаның мамандығы есепші болатын. Ол кезде тұңғыш баланы үйде үлкен адам болса, мынау қарттың баласы деп соның тәрбиесіне беретін. Сол себептен де болар, Ұлдан аға да тұңғышы Жәнібекті өзімен бірге тұратын ағасы Ғабдол қарттың бауырына салады. Міне, содан бастап, Жәнібек Ғабдол қарияның қолында тәрбиеленеді. Ақсақал өз ісіне мұқият, қарапайым жұмысшы болатын. Әрдайым ұлының әр басқан қадамы мен былдырлаған тіліне қуанып отыратын. Оны алғаш рет мектепке алып барған да өзі болатын. Осылайша уақыт сырғып өтіп жатты. Паник ауылынан жеті кластық білім алған Жәнібек араға жылдар салып, 1961 жылы Алматы қаласындағы киномеханиктердің жоғары республикалық мектебіне оқуға түседі. Жас жігіт оны да жақсы аяқтап, туған жеріне қайтып оралады. 1963 жылы аудан орталығындағы ДОСААФ-қа оқуға қабылданып, шоферлық білім алады. Содан соң «Степной» кеңшарында өз мамандығы бойынша киномеханик шофер болып қызмет етеді. Ауылдарға шығып, қыстақтарды аралап, кино қояды. 1964 жылдың 24 тамызында Бөрлі ауданының Гүлшат есімді қызымен отбасын құрады. Онымен танысуының өзі де ерекше. Подстепнойда ветучилищеде оқып жүрген Гүлшат «Степной» кеңшарына машықтан өту үшін сақманға келеді. Сол жерде танысып, жұптары жарасқан екі жас шаңырақ көтереді. «Менің мамандығым негізінен мал дәрігері болатын. Бірақ оған атамның көңілі толмады. Бұл әйел адамның атқаратын жұмысы емес. Себебі, дала аралап, малдарды тексеру саған үйлеспейді», - деп мені ауылдағы дүкенге сатушы етіп кіргізді. Содан кейін медпунктте қызмет еттім. Атам марқұм өте бір әділ, жақсы адам болатын. Соның тәрбиесін көріп өстім», - дейді Гүлшат. Содан бері, міне, екі ұл, төрт қызды өмірге әкелген Жәнібек аға мен Гүлшат апа балаларына өнегелі тәрбие бере білді. «Балалы үй базар демекші», әркез олардың жетістігіне қуанып, елдің баласы болуға тәрбиеледі. Соның да арқасы болар, бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған қос қария, балаларының амандығын тілеп, немере-жиендері мен шөберелерінің қызығына бөленіп отырған жайы бар. Үлкен ұлы Сағынғали Ақтау ауылында тұрып жатса, қызы Майра - Алматы қаласында халқының ризашылығына бөленіп жүрген білікті дәрігер. Маринасы ауылда мектепте қызмет етеді. Ал Гүлжан - аудан орталығындағы «Ақбөпе» балабақшасында тәрбиеші. Айжан қалада, сүт кенжесі Серікқали Ақтөбе облысының Хромтау қаласында шахтер. Балалардың қай-қайсысы болмасын ата-аналарына қарайласып, хабарласып тұрады. Бүгінде осылардан тараған 4 немере мен 10 жиен, 1 шөбере қос қарияның байлығы десе де болады. Туған ауылының өркендеп, гүлденуіне өзіндік үлес қосып, звено жетекшісі, қала берді шөп шабу бригадасында бригадир болып еселі еңбек еткен I санатты тракторшы, 40 жылдам астам шофер болып еңбек еткен Жәнібек Лұқпанов марапаттан да құр алақан қалған жоқ. Талай рет өз қатарының алды атанды. 2002 жылы Тасқала ауданының орталығына қоныс аударды. 2005 жылы еңбек демалысына шықты. Бүгінде Құдай қосқан қосағымен бірге еңбегінің зейнетін көруде. Балаларына терең білім, қазақи тәрбие бере білген осындай отбасылар елімізде көбейе бергей!