10:19, 28 Ақпан 2009 | GMT +5
?Алуан ас? ауылдағы ағайынға қамқорлық көрсетуде
ҚЫЗЫЛОРДА. Ақпанның 28-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ – Атағы республикаға белгілі "Жиһан холдинг" компаниясының Қызылорда облысындағы "Алуан-Ас" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, өңдеу және сатумен табысты айналысып жүр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Аталмыш құрылымға қарасты 11 өндіріс орны Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандары мен Қызылорда қаласында жұмыс істейді. Олардағы 9 күріш өндіретін шаруашылықтың өзінде 1470 адам несібесін айыруда. Серіктестіктің бүгінге дейін атқарған жұмыстары ауқымды. 2002-2008 жылдары шаруашылықтарда егін, мал өнімдерін өндіруге және техника алуға 5751,9 млн. теңге қаржы салынған. Өткен жылғы қаржы көлемі 492,3 млн. теңгені құрайды. Жыл сайын шаруашылықтар өндіріс технологиясын сақтау, жетілдіру және жақсарту үшін қажетті материалдық-техникалық ресурстармен, қаржымен толық қамтамасыз етіліп келеді. Әсіресе, техникадан таршылық көрген емес. 2002 жылдан осы кезеңге дейін құны 1000,5 млн теңге тұратын 20 итальяндық "Лаверда", 28 "Енисей-1200" астық комбайндары, 53 "Т-150", "Т-17221", 50 "Беларусь-80,1" тракторлары және 10 итальяндық "Мара" лазерлік жер тегістегіштері, т.б көптеген ауыл шаруашылығы машиналары мен құрал саймандары сатып алынды. 2008 жылы егін орағы қарсаңында 41 млн. теңгеге 3 "Челенджер" комбайндары жеткізілді. Нәтижесінде "Алуан-Ас" ЖШС-не қарасты шаруашылықтар жыл сайын 10-12 мың га күріш, 5-7 мың га жоңышқа егіп, жоғары өнім жинауды қамтамасыз етіп отыр. Серіктестікте егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Осы мақсатта "Ақжарма Жер" ЖШС-не 300 бас, "А.Тоқмағамбетов" ЖШС-не 120 бас асыл тұқымды қашар лизингілік жолмен сатып алынған. Қазіргі таңда "Ақжарма Жер" иелігіндегі асыл тұқымды мал басы 445-ке жетіп, мал өнімдерін өндіру көлемі ұлғайды. Келешекте сүт өндіруді көбейту мақсатында асыл тұқымды мал санын 1000 басқа жеткізу көзделген. "Алуан-Аста" өндірілген күріш пен сүт өңдеуден өткізіліп, дайын өнім түрінде сату толық жүзеге асырылған. Бұл мақсатта 2004 жылы Қызылорда қаласында тәулігіне 20 тонна сүт өңдеп, дайын өнім шығара алатын "Шапағат-Сүт" зауыты іске қосылды. Қазір зауытта халық сұранысына сай барлық сүт өнімдері шығарылуда. Сол сияқты 2005 жылдан Тереңөзек кентінде тәулігіне 300 тонна күріш өңдейтін, заман талабына сай жабдықталған оңтүстіккореялық зауыт іске қосылған.Іргелі серіктестік жыл сайын өзіне қарасты шаруашылықтар мен мекемелердегі жұмысшы-қызметкерлердің тұрмыс жағдайын көтеру мақсатында қомақты қаржы бөледі.