19:23, 26 Ақпан 2009 | GMT +5
?Алуан астың? қайырымды қадамдары
ҚЫЗЫЛОРДА. Ақпанның 26-сы. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан "Алуан ас" ЖШС директоры Марат Бисенов Жалағаш ауданының тұрғыны Уәлихан Атырауовтың күрделі операцияға баруына демеушілік көрсетті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жиырма төрт жастағы жігіт 1997 жылдан бері бүйрек ауруынан зардап шегіп келеді. Баласының жағдайына жаны ауырған анасы Гүлбаһрам Ілиясова "Нұр Отан" халықтық- демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Дархан Қалетаевқа көмек сұрап хат жолдаған. Жетекші партия басшылығынан мәселені жергілікті жерде шешуге ықпал жасау туралы қатынас хат келген болатын. Облыс әкімі аппаратының басшысы Рзақұл Нұртаев Уәлиханның Бүкілресейлік дене мүшелері мен жасушаларды ауыстыру орталығына барып-қайтуы мен емделуіне демеушілік көрсеткен кәсіпкерге алғыс білдірді. Бұрын бұндайда мұнай компанияларының өкілдері бас көтеретін болса, енді ауыл шаруашылығындағы кәсібінен нәсіп тауып отырған азамат көмек қолын созуға ниет танытты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Болатбек Баймаханов орталық директоры, әріптесі Сергей Готиемен операция туралы келісім жүргізді. Қайырымды жандардың көмегімен қанаттанған Уәлихан кеше Байқоңыр арқылы Мәскеуге ұшып кетті.