Алжирдегі алапат орман өртінен 6 адам көз жұмды
АСТАНА.KAZINFORM — Алжирдің солтүстік және солтүстік-шығыс өңірлерін шарпыған ауқымды орман өртінен 6 адам қаза тауып, тағы 100-ге жуық тұрғын зардап шекті. Бұл туралы елдің Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Report.
Ведомствоның дерегіне сәйкес, соңғы бір тәулікте зардап шеккен аудандардан 100-ден астам тұрғын ауруханаға жеткізілген. Олардың барлығының жағдайы тұрақты.
Азаматтық қорғаныс қызметінің мәліметінше, соңғы уақытта Алжирдің солтүстігінде 1,5 мыңнан астам өрт ошағы тіркелген. Тілсіз жау орман алқаптарын, пальма тоғайларын және ауыл шаруашылығы жерлерін шарпыған. Сондай-ақ 150-ден астам тұрғын үй зақымданған. Мұндағы тұрғындары дер кезінде эвакуацияланды.
Қазір өртті сөндіру жұмыстарына екпінді жел мен ауа температурасының +35°C-тан жоғары болуы қиындық туғызып отыр.
Айта кетейік, Испаниядағы орман өрті 50 мың гектардан астам аумақты шарпыды.
Ал Германиядағы орманның 390 гектары қызыл жалынға оранды.