АМАНБАЙ БАТЫР
Аманбай Тоқанұлы (1810-1865) - Ұлытау төңірегін жайлаған ел ішінен өз заманында суырылып шыққан қолбасшы батырлардың бірі. Ел аузындағы бүгінгі күнге дейін үзілмей жеткен әңгімелерге қарағанда, Аманбай Тоқанұлы Ұлытау аймағының Қоқан мен Қиуа беттегі қақпасы саналатын қос Кеңгірдің Сарысуға құяр тұсын жайлап, ормандай Орта жүздің халқына сыртқы жаулардан қорған болған XIX ғасырдағы айбарлы батырларымыздың ең атақтыларының бірі болған.
Аманбай батырдың ерен еңбегі жайлы сол тұста өмір сүрген халық ақындарынан қалған жырларда баршылық. Мысалы, белгілі шайыр Мұқан Балтакейұлы «Есенбек батыр» атты толғауында:
«Батыр болып атанды
Шәлтекеден Аманбай.
Зияны тиген дұшпаннан
Қалған жоқ кегін ала алмай.
Бағаналы ішінде
Айтулы батыр белгілі
Болып өткен адамдай.
Сол уақыттың ішінде
Бағаналы баласы
Алысқа кетіп дыбысы,
Меңгеріп тұрды заманды-ай» --
деп көсіле жырлапты.
Ел аузында сақталған «Аманбай батырды жоқтау» атты авторы беймәлім жырдың шағын ғана үзіндісінің өзі көкірегінде саңылауы бар адамға батыр тұлғасынан құнды мәлімет береді.
XIX ғасырдан ұмтылмай жеткен асылдың сынығындай бұл өлеңнен Аманбайдың батырлық келбет-бейнесін аша түсетін оған Кенесары хан берген баға, Қоқан хандығы қарақшыларымен шайқастардағы ерен ерлігі, «Қамал бұзған батыр» атанып, көзінің тірісінде ел мақтанына айналғаны жайлы маңызды мағлұматтар табылған. Олар ел аузында айтылатын және мұрағаттарда кездесетін деректермен сәйкестік тауып, Аманбай Тоқанұлы төңірегіндегі бұрыннан белгілі әңгімелерді толықтыра, нақтыландыра түсті. Ал Аманбай батырдың Қоқан хандығы қарақшыларының озбырлығына қарсы шайқастарда ерекше көзге түсуі - бұрынан белгілі тарихи шындық. Оның ерлік істері туралы ел аузындағы әңгімелердің барлығы осы коқандықтармен арадағы соғыстарға қатысты айтылады. Омбы мұрағатынан тауып, көшірмелерін алған кейбір құжаттар көптеген ауызша деректерде айтылатын әңгімелерге байланысты нақты тұжырымдар жасауға мүмкіндік береді. Қоқан хандығы әскерлерінің тек өз иелігіндегі қазақтарды ғана емес, бағаналылар сияқты шекара шебіне жақындау орналасқан тайпа-руларды реті келсе тонап, оларға ауық-ауық қарақшылық шабуыл жасап, озбырлық көрсетіп отырғаны мәлім. Біздің қолымыздағы құжаттардың ең құндысы Қаражарда тұрған орыс отрядының бастығы есаул Катыбаевтың 1856 жылы Қоқан хандығына жасаған екі жорық жайлы өз қолымен жазған әңгімесі.
Аманбай батыр Тоқанұлының жайлау-қыстауы сол Орта Азия мен Сібір арасындағы сауда керуендерінің қауіпсіз өтуін, жалпы, Қоқан хандығының Орта жүз қазақтарының шекаралық шебіндегі қимыл-қозғалыстарын бақылау үшін арнайы қойылған Қаражардағы орыс отрядына таяу орналасқан. Аманбайдың бұл тұрағы кішігірім бекініс болған, қазіргі уақытта Аманбай дуалы деп аталады.
Қоқан хандығына екінші жорық Сібір қазақтары облысының әскери губернаторының аға адъютанты штабс-капитан Соловцевтің басқаруымен жасалады. Оған Қаражардағы есауыл Қатыбаевтың, Қулы-Мұңлыдағы сотник Бородин мен хорунжий Герасимовтың екі отряды (барлығы 210 казак) және сұлтан Нұралы Әбілқайыров, тама Бердіқожа батырдың баласы Нұрмақан Бердіқожин, бағаналы Ерден батырлар басқарған 400 қазақ руларының сарбаздары қатысады. Жорықтың мақсаты - осының алдында ғана бейқам жатқан қазақ ауылдарынан қоқандықтар барым-талап кеткен 45 мың бас малды қайтару болатын.
Тамыз айында шекарадан өтіп, Саудакент қамалына келіп қонған қосын (ел аузындағы тама Бердіқожаның, Ерденнің және Аманбайдың Саудакентті шапқаны жайлы әңгімелерге осы оқиға арқау болған тәрізді, бірақ бұл жолы мұрағат құжаттары бойынша қол бастаған Бердіқожаның өзі емес, оның баласы Нұрмақан) дұшпаннан 40 мың қой, 700 жылқы, 50 түйе малдарын қайтарып, елге қарай қозғалады. Қоқан хандығының шекарасынан ұзап, қыркүйекте Шу өзенінен өтіп, Көкмұрын, Бейіркөл деген жерлерге қонады. Осы арада қуғынға шыққан сан жағынан 5-6 есе күші басым Қоқан әскерімен 12 сағатқа созылған жойқын ұрыс болып, Соловцев және оның қасындағы бірнеше солдаттар қоршаудан шыға алмай, қаза табады. Қырғын соғыс жеңіспен аяқталып, қазақтар малдарын айдап, елге жетеді. Осы шайқастарда Аманбай Тоқанұлы жорық жолдарында мол тәжірибе жинақтаған батыр ретінде ерекше көзге түседі. Алғашқы жорықта түн ішінде тұтқиылдан тиіскен жау жасағы Айнакөл маңында Қостанкелді Қазыбаевтың баласы жас сарбаз Лепесбайды және бірнеше адамды қылышпен шауып өлтіріп кетеді. Аманбай батыр болмағанда, шығын мұнымен бітпес, әрі шайқас жеңіспен аяқталмас еді. Өйткені, жорықтарда атын аяғына байлап арқандап, ертоқымын жастанып сақ жататын батыр түн ортасында таяп қалған жау жасағының дүбірінен оянып, сарбаздар мен казактарды дер кезінде атып тұрып, жайылып жүрген мініс аттарын жедел қуып келіп, әскерді атқа қондырып үлгерген.
Аманбай батырды Ерден Саңдыбайұлынан 2-3 жас кіші еді дейді. Сонда ол шамамен 1810-1811 жылдары дүниеге келген болып шығады. Нақты қай жылы қайтыс болғаны белгісіз, алайда, 1864 жылы өткен Кіші жүз бен Орта жүздің игі жақсылары мен жайсаңдарының Сарыторғайдағы құрылтайына қатысқан. Сонда қабылданған құжатқа жеке мөрін басқан. Осы белгіден Аманбай Тоқанұлының бұдан кейінірек көз жұмғанын байқауға болады.
Батырдың зираты өзі қорған салып, мекен еткен қазіргі Қарағанды облысы Ұлытау ауданының Сарысу мен Кеңгір өзендерінің қосылған жері - Қаражарда тұр. Аманбай дуалы - берік қабырғамен қоршалған бекініс, қыстақ. 1946-1947 жылдары Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетекшісі академик Ә.Х.Марғұлан) зерттеген.
Ұрпақтары Жезқазған, Сәтбаев және Ұлытау өңірлерінде тұрады. Жезқазған қаласындағы бір көшеге Аманбай батырдың есімі берілген.
Дерек көздері:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 1том,
Қуаныш Ахметов, «Ұлы даланың Ұлытауы» кітабы, 2том.