Амандық Баталов ауған соғысы ардагерлерінің шағымына құлақ түрді

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының тұрғыны, ауған соғысының ардагері Асхат Қасенов үш жылдан бері протезге қол жеткізе алмай жүр. Бір аяғының тізеден төмен тұсынан айырылған интернационалист-жауынгер бүгін басындағы қиындықты облыс әкіміне баяндап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Екі мәрте Қызыл жұлдыз орденінің иегері, ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған Асхат Қасенов 18 жасында ауған соғысына аттанған. Бір жылдан кейін бір аяғынан  айырылып елге қайтқан. Қазір талдықорғандық тұрғын үш жылдан бері өзіне тиесілі протезге қол жеткізе алмай отыр.  Қалалық  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар  бөліміне сан мәрте барса да, мәселесі шешілмеген. 

«Бізге жыл сайын протез берілу керек. Міне үш жыл болды ол затты ала алмай жүрмін. Қалалық  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар  бөліміндегілер тендер ойнатылады, ақша бөліну керек деп шығарып салады. Қазір ескі протезбен жүрмін. Тіземнің төмен тұсынан аяғым жоқ. Тізем  қажалып, қанайтын болды», деп  жанайқайын облыс басшысына  жеткізген ардагердің мәселесі шешілетін болды.

Ардагердің жағдайын толық тыңдаған Амандық Баталов жауапты мамандарға нақты тапсырма берді. 

«Қараңдар, кеудесі толған орден. Екі мәрте Қызыл жұлдыз орденінің иегері, ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен  марапатталған. Неге протез ала алмай жүр. Міндетті түрде осындай жайттардың барлығына әкім араласу керек пе?  Мәселесін шешіп, соңынан маған баяндап беріңдер», - деді өңір басшысы.

Амандық Баталовтың ауған соғысы ардагерлерімен кездесу барысында өзге де мәселелер көтерілді. Басым бөлігі баспана тауқыметін алға тартты. Қазіргі уақытта Талдықорған қаласы бойынша 166 адам баспана кезегінде тұр. Кезек тым баяу жылжиды деп, ардагерлер назын  білдірді. Жалпы Алматы облысынан  ауған соғысына 3702 адам аттанған. 773 жауынгер соғыста қаза тапқан. Қазіргі таңда Жетісу жерінде  2500 жуық ауған соғысының ардагерлері тұрып жатыр. 

Сондай ақ жиын барысында облыс әкімі өңір бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап берді.  Кездесу соңында естелік суретке түсті.
null  

Соңғы жаңалықтар