11:37, 15 Қаңтар 2009 | GMT +5
Амангелді газ кеніші Жамбыл облысының тұрғындарын арзан және сапалы табиғи газбен қамтамасыз етуде
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ - Газ өндіру көлемін жыл сайын еселей түскен Амангелді газ кеніші Жамбыл облысының тұтынушыларын сапалы және арзан табиғи газбен қамтамасыз етіп отыр.
ҚазАқпарат тілшісіне бұл туралы облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасынан хабарлады. Басқарманың мәліметтері бойынша, Жамбыл облысына табиғи газ облыстың Талас ауданында орналасқан Амангелді газ кенішінен, сондай-ақ көрші Өзбекстаннан жеткізіледі. 2008 жылы Амангелді кенішінде газ өндіру көлемі 338,4 миллион текшеметрді құрады, бұл 2007 жылмен салыстырғанда, 5,8 пайызға көп. Облыс бойынша табиғи газдың былтырғы тұтыным мөлшері 1 433,3 миллион текшеметрді құрап отыр, бұл 2007 жылғы көрсеткіштен 19,8 пайызға жоғары. «Жамбыл облысын газдандырудың 2007-2010 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы» бойынша 2007-2010 жылдары және 2015 жылға дейін облыстың 140 елді мекеніне газ тарту мәселесі қарастырылған. Қазіргі уақытта Жамбыл облысындағы 381 елді мекеннің 58-іне, оның ішінде Тараз қаласына газ тартылған. Газ тартылған елді мекендердегі халықтың саны 555,8 мың адамды құрайды. 2008 жылы республикалық бюджеттен бөлінген 200 миллион теңгеге Жуалы ауданындағы 4 елді мекенге газ тартылды.