Әмбебап банктерге исламдық банк операцияларын жүзеге асыру құқығы берілмек
АСТАНА. KAZINFORM – Әмбебап банктерге исламдық банк операцияларын жүзеге асыру құқығы берілмек. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында банк қызметі туралы заң жобасын таныстырған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты.
- Қаржыландырудың балама тетіктерін дамыту үшін әмбебап банктерге қолда бар лицензия аясында исламдық банк операцияларын жүзеге асыру құқығын беру көзделеді, - деді агенттік төрағасы.
Оның айтуынша, бұл нормалар банктерге жеке банкті құрмай, өз құрылымында арнайы бөлімшелер құру арқылы исламдық өнімдерді ұсынуға мүмкіндік береді.
- Заң жобасында исламдық қызметті ұйымдастырушылық тұрғыдан оқшаулау, активтер мен міндеттемелерді бөлек есепке алу және басқару, жеке қызметкерлерді бөлу, сондай-ақ қаржы өнімдерін бекітетін және аудит жүргізетін шариғатқа сәйкестік жөніндегі кеңестің болуы көзделген, - деді Мәдина Әбілқасымова.
Бұған дейін ел аумағында цифрлық қаржы активтерінің айналымына рұқсат берілуі мүмкін екенін жазған едік.