«Әмбебап» мұғалім білім сапасына кері әсер етіп отырған жоқ па?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 3 қазан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 3 қазан, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстанның» таралымы биыл Жетісу жерінде  өсе түсетін болды. Осынау қуанышты хабарды  Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов  «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының  президенті Сауытбек Абдрахмановпен кездесу үстінде айтты»,-деп жазады аталған басылым бүгінгі санында. «Елбасының сарабдал саяса­ты­мен елімізде атқарылып жат­қан сан қырлы жұмысты дер кезінде жоғары деңгейде жәми­ғат­қа жеткізіп отырған ел газеті «Егемен Қазақстан» таралымы­ның өскенін біз қуана құптаймыз. Бас басылымның Жетісу жеріндегі былтырғы жылғы таралымы да жақсы болды. Бізде шегіну, артқа қарайлау жоқ. Тек,  алға аршындай басу дағдыға ай­нал­ған. Облысымызда күзгі жиын-терін жұмысы да өзіндік мол­шылығын әкелді. Биылғы жыл  жауынсыз өтті деуге келеді. Бірақ  таулы өңірлерде  астықтың шығымы жаман емес. Күріштің  өнімділігі  артты. Бір миллион центнер жүгері жиналады деп күтілуде. Бұл биылғыдай төрт ай жауын тамбаған өңір үшін ауыз толтыра айтуға тұратын көрсет­кіш. Қысқа дайындығымыз да ойдағыдай жалғасуда», - деді облыс әкімі. Бұл мақала «Бас басылымның таралымы биыл Жетісу жерінде анағұрлым өсе түседі» деген тақырыппен беріліп отыр.


Осы басылым бүгінгі санында
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловпен арадағы «Мәслихаттар сайлауы да жоғары мәнге ие» атты сұхбатты көпшілік назарына ұсынып отыр. «Мәслихат депутаттары белгілі бір себептермен шы­ғып қалған округтер болған жағ­дай­да ғана бос мандаттарға сайлау өткізіледі. Бұл ретте, 2011 жылдың күзі мен 2012 жылдың көктемінде мәслихаттарға қосымша сайлау бол­мағанын айта кеткен жөн. Ал биылғы жылғы қазан айы­ның 28-і күні республиканың 11 өңірінің 45 сайлау округінде әр­түр­лі себептермен шығып қалған мәс­лихат депутаттарының орнына сайлау өтетін болады. Қазіргі уақытта біз осы элек­то­рат­тық шараны әзірлеу мен өткі­зу­ге қатысты мәселелермен шұғыл­да­ну­дамыз... Мәслихат депутаттары бір ман­датты сайлау округтері бойынша сайланатын болғандықтан, 45 округтен 45 депутат сайлануы тиіс, олардың 10-ы - облыстық мәс­ли­хат­тарға, 8-і - қалалық мәс­лихат­тарға және 27-сі - аудандық мәс­ли­хаттарға сайланады»,-дейді Қ. Тұрғанқұлов.


***

 «Айқын» газетінің жазуынша, Ақмола облысы Ерейментау аудандық мәслихатының депутаты Ербол Дүйсенов осындағы Селеті ауылдық округінің әкімі Газиз Әбеновке жұдырық жұмсап, әріптестері алдында масқара болды. Ербол Дүйсенов кеше Астанада өткен баспасөз мәслихатында: «Мені осы өрескел қылығым үшін Көкшетаудағы «Нұр Отан» партиясының тәртіптік кеңесіне шақырып отыр. Бәлкім, әріптестерім соттың шешіміне сәйкес менің депутаттық мандатымды кері қайтарып алатын болар. Бірақ, амал не, бәрін бара көрермін»,-деген. Бұл материал басылымда «Депутат жұдырық жұмсап, айппұл төледі» деген тақырыппен берілді.

***

«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, соңғы кездері елімізде лаңкестік кесапаттар көбейіп кетті. Ұсталып та, атылып та жатқандары аз емес. Осы орайда, басылым тілшісі  «Жастарымыздың жиһадшыл болуына кім кінәлі?» атты тақырыппен өзекті мәселені қозғапты. Кінәні әр саладан іздеген тілші Дінге де, ата-аналар тәрбиесіне де, мектепке де үңіліп, өз қорытындысын шығарған. Содан үзінді келтірсек: «Арнайы зерттеулер көрсетіп отырғандай, теріс діни ағымдардың жетегіне ілескен жастардың бір бөлігі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан болса, көпшілігі діни сауатсыздықтан шығып отыр. «Бізге қосылсаң, жағаң жайлауда болады» деп алдарқатқандардың шырмауына ілесіп, қалай террорист атанғандарын білмей қалатын жастар да аз емес. Лаңкестік әрекеттерінің, әсіресе, былайғы ел бай көретін мұнайлы Атырауда жиі бас көтеруі алаңдатарлық жайт. Байлық бар жерде қашанда қақтығыстар мен соқтығыстар аз болмайды. Жас ұрпақтың бойына ұлағатты тәрбиені сіңірудің қажеттілігі де осында», - деп қорытындылайды Бақытгүл Бабаш.

 

«Қазақстанның қай ауылындағы мектепті алып қарасаңыз да маман жетіспеушілігі айғын сезіледі. Әсіресе, математика, физика, химия, информатика сияқты пәндерді оқытатын мұғалімдер кемшін түсіп жатады. Мұғалім жетіспесе тәуелсіздік алғаннан бергі 20 жыл бойы балаларымызды кім оқытып келді деген заңды сауал туындайды. Жауап: «әмбебап» мұғалімдер»,-деп жазады «Алаш айнасы». Яғни біліктілігі сәйкес келмесе де сабақ беретіндер. Мұндай жан-жақты ұстаздар әсіресе ауылдағы білім ошақтарында өте көп. Осыған байланысты «Әмбебап» мұғалім білім сапасына кері әсер етіп отырған жоқ па?» деген тақырыпта мәселе көтерген тілші Ербақыт Амантайұлының мақаласын жіберіп алмаңыздар.

Соңғы жаңалықтар