Америкалық сарапшы АҚШ пен Қытай Орталық Азиядағы тұрақтылыққа не себепті мүдделі екенін түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM — Хадсон институтының аға ғылыми қызметкері Кен Мориясу «Сайлау — 2026: қорытынды және жаңа саяси белес» атты сарапшылар алаңында Орталық Азияның әлемдік геосаясаттағы маңызы және Қазақстандағы Құрылтай сайлауы жөнінде пікір білдірді.
— Қытай мен АҚШ екеуі де Орталық Азияны болашақ үшін қажет етеді. Қытай қазір теңіз сауда дәліздеріне өте тәуелді. Ал оларды АҚШ әскери-теңіз күштері оп-оғай бұғаттап тастай алады. Сондықтан Қытайға Үнді мұхитына балама сауда жолы керек. Ал Еуразиядағы жерлер, құбыр желілері және Орталық Азия арқылы өтетін теміржол жүйелеріне АҚШ-тың құрығы жетпейді. АҚШ-тың да өз мүддесі бар. Америка сирек кездесетін пайдалы қазбаларға қол жеткізу тұрғысынан Қытайға тәуелділіктен құтылғысы келеді. Сөйтіп, Қытай мен АҚШ бір-бірінен қашуға талпына отырып, Орталық Азияда қайта кездесіп отыр, — деді ол.
Сонымен бірге, америкалық маман Құрылтай сайлауы Қазақстан үшін өте маңызды күн болғанын атап өтті.
— Бұл — жаңа жолдың басы. Ішкі саяси тұрақтылық Президент Тоқаевқа көпвекторлы сыртқы саясат жүргізуге мүмкіндік береді, — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін ҚСЗИ басшысы Құрылтай жұмысы туралы пікір білдірген еді.