Америкалық сарапшы: Орталық Азия елдері су мәселесін реттеу үшін әуелі шекара дауын шешіп алу керек

АСТАНА. KAZINFORM – Су тапшылығы мәселесі Орталық Азияның орнықты дамуына төнген негізгі сын-қатерлердің біріне айналып барады. Ескірген инфрақұрылым, трансшекаралық мәмілелер, климаттың өзгеруі мен су тұтыну көлемінің артуы өңірдің су теңгеріміне түсетін қысымды күшейтіп отыр. Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі осы мәселені америкалық сарапшылармен бірге зерделеп көрді.

ОА су
Коллаж: Kazinform/ ЖИ көмегімен жасалған

Технология, инвестиция және стратегиялық мүдде

New Lines Institute for Strategy and Policy (Стратегия және саясат жөніндегі New Lines институты) бағдарламасының жетекшісі әрі аға сарапшысы, профессор, философия докторы Дәния Арайссидің пікірінше, су мәселесі Орталық Азиядағы әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық өсімге тікелей әсер етеді.

Ғалым бұл мәселені АҚШ-тың Орталық Азияға «С5+1» форматы арқылы өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына инвестиция тарту мүмкіндіктерімен байланыстырып қарайды.

- Ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект секторын дамытуға, дата-орталықтарды пайдалануға және атом энергетикасын өрістетуге көп көлемде су қажет болады, - деді Дәния Арайсси.

Ол судың Орталық Азия экономикасының бүкіл бағыттары үшін базалық ресурс болып қала беретінін айтады.

- АҚШ-тың бұл мәселенің ұзақ мерзімді шешімін іздеуге ұмтылуы – табиғи құбылыс. Су ресурстарын сенімді әрі тиімді басқару жүйесі өңірдің сауда әлеуетін ашуға мүмкіндік береді, - дейді сарапшы.

Эксперт Дания Арайсси
Фото: Рүстем Қожыбаев / Kazinform

Д. Арайссидің бағалауынша, аймақта суармалы егіншілікке пайдаланылатын судың 40%-ына дейін тозған инфрақұрылым, ескі технологиялар мен бетондалмаған канал кесірінен ысырап болып жатыр.

Вашингтондағы Second Floor Strategies консалтинг компаниясының президенті Уайлдер Алехандро Санчес те су қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған жобалар АҚШ пен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықтың тиімді құралына айнала алады деп санайды.

- Су қауіпсіздігі бағытындағы көптеген бастама аса қымбат емес, бірақ өңір халқы үшін де, Вашингтонмен қарым-қатынасты нығайту үшін де елеулі нәтиже бере алады, - деді сарапшы.

Сонымен бірге ол USAID қызметінің қысқаруы Орталық Азиядағы экологиялық бастамаларды қолдау қарқынын бәсеңдеткенін атап өтті.

Су мәселелерін реттеудегі қиындықтар

Уайлдер Алехандро Санчестің пікірінше, Орталық Азияның бес еліндегі су ресурстарын басқаруды өңірлік геосаясаттан бөлек қарастыру мүмкін емес.

- Соңғы он жылда өңір елдерінің ынтымақтастығы айтарлықтай күшейді. Дегенмен, бірқатар мәселе әлі де өте сезімтал әрі шешуі қиын күйінде қалып отыр, - деді ол.

Уайлдер Алехандро Санчес
Фото: Рүстем Қожыбаев / Kazinform

Сарапшы Ауғанстандағы Қош-Тепа каналын белгісіздік факторларының бірі ретінде атады.

- Орталық Азия елдері тәліптерді су пайдалану мен экология мәселесіне ұқыптырақ қарауға қалай көндіре алады – ол жағына сенімді емеспін, - дейді Санчес.

Дәния Арайсси бұл мәселедегі Қытайдың рөлін нақты бағалау керектігін айтады. Айтуынша, трансшекаралық өзендердің суын ауыл шаруашылығына белсенді пайдаланатын Бейжің әсіресе трансшекаралық көздердің суын тұтыну мәселесінде икемдірек болу керек.

Сарапшылар Аралды құтқару халықаралық қоры (АҚХҚ) мен Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСШҮК) өкілеті шектеулі болып тұрғанын да күрделі мәселе деп отыр.

- Бұл институттарда шешімдерді орындататын нақты құралдар болмайынша, олардың тиімділігі де шектеулі болып қала береді, -дейді Д. Арайсси.

Санчестің пайымы да осыған ұқсас.

- АҚХҚ мен МСШҮК-тің құрылуы оң қадам болды, бірақ бұл жеткіліксіз. АҚХҚ мемлекетүсті органнан гөрі үйлестіруші рөл атқарады және Арал теңізін сақтау үшін елдерге су ресурстарын қалай басқару керектігін міндеттей алмайды, - деді сарапшы.

Жағдайды не өзгерте алады?

Сарапшылар Қырғызстанның АҚХҚ жұмысына толыққанды қайта оралуын оң сигналдардың бірі деп бағалайды. Д.Арайссидің ойынша, бұл өңір елдерінің тұрақты су басқару жүйесін құруға деген саяси еркін күшейтуі мүмкін.

- Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан Ферғана алқабындағы шекара мәселесін реттей алса, Орталық Азия мемлекеттері су басқару мәселелері бойынша да ортақ мәмілеге келе алады. Мұндай шешімдер сырттан таңылмай, өңірдің өз ішінде қабылдануы керек, - деді ол.

Сарапшы тамшылатып суару бағдарламалары мен каналдарды жаңғырту ауқымын кеңейту қажет деп есептейді.

- АҚШ пен Еуропалық одақта суды үнемдеуге ғана емес, жайылым мен егіс алқаптарының шөлейттенуін тежейтін технологиялар бар, - дейді Д. Арайсси.

экологическая политика
Фото: gmk.center

Ғалым инфрақұрылымды жаңғыртуда Азия даму банкі мен Дүниежүзілік банк сияқты халықаралық қаржы институттары маңызды рөл атқара алатынын айтып отыр.

Ал АҚШ пен Еуропадағы ғылыми зерттеулер Каспий теңізінің тартылу себептерін тереңірек түсініп, тиімді экологиялық саясат қалыптастыруға көмектесуі мүмкін.

Бірыңғай су комиссиясы қажет пе?

Дәния Арайсси Аралды құтқару халықаралық қоры мен Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының функцияларын біріктіретін бірыңғай Орталық Азия су ресурстары комиссиясын құруды ұсынады.

Оның пікірінше, жаңа құрылым жоғары саяси деңгейде жұмыс істеп, шешімдердің орындалуын қамтамасыз ететін нақты механизмдерге ие болуы керек.

- Су ресурстарының өңір экономикасы үшін маңызын ескерсек, комиссияның қолында ұжымдық шешімдерді жүзеге асыратын құралдар болуға тиіс, - дейді сарапшы.

Сондай-ақ, ол шешімдерді үштен екі дауыс принципімен қабылдайтын нақты дауыс беру рәсімі қажет екенін айтады.

Алайда Уайлдер Алехандро Санчес өңірде қызметі ұқсас, бір-бірін қайталайтын алаңдар мен құрылымдар қазірдің өзінде көп екенін айтады.

- Орталық Азия комиссиясы идеясы перспективалы көрінеді. Бірақ ол өз ұсынымдарын орындата алмаса, көп ұйымның бірі болып қалады, - дейді маман.

Су ресурстарын реттеудегі әлемдік тәжірибе

Д. Арайсси су мен энергетика өзара тығыз байланысты салалар екенін еске салады. Мысалы, АҚШ-та 1930-жылдары құрылған Tennessee Valley Authority (TVA) ұйымы ондаған жыл бойы бірнеше штаттағы энергетика мен су ресурстарын басқару мәселелерін қатар үйлестіріп келеді.

Еуропада осындай рөлді Дунай өзенін қорғау жөніндегі халықаралық комиссия (ICPDR) атқарады.

Ол Молдова мен Украинаның Днестр бассейнін бірлесіп басқаруын, Перу мен Боливияның Титикака көлінің айналасындағы ынтымақтастығын Сенегал бассейні ұйымының жұмысын зерттеу пайдалы болады деп есептейді.

Еске салсақ, былтыр күзде Қазақстан мен Өзбекстан трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және тиімді пайдалану туралы келісімге қол қойған болатын.