Америкалық АЭС қазақстандық уранды тұтынуды көбейту үстінде

Бұндай жетістікке жетудің басты себебі - өзге бәсекелестеріне қарағанда, қазақстандық уранның соңғы екі жылдың ішінде арзандауы. Мысалға алғанда, 2014 жылы ҚР-дан тасымалданған уранның 1 фунты 44.47 долларды құрады, ал өлшенген орташа баға 46.65 доллар деңгейінде тұрды.
Қазақстан 2007 жылдан бері ядролық отын өнеркәсібінде өнім шығаруды 3 есеге арттырып, осы салада көш бастап келеді. Халықаралық сауда комиссияның ақпаратынша, қазақстандық ядролық отынның экспорты 2014 жылы 1.9 млрд. долларға бағаланды. Оның басым бөлігі (63%) - 1.2 млрд. - Қытайдың еншісінде, сондай-ақ Ресей мен Канаданың да үлестері салмақты. Ал АҚШ-қа 112 млн. доллардың отыны тасымалданды.
Дегенмен, «Эксперт Казахстан» журналының жазуынша, өнімнің әлемдік бағасының төмендеуі кезеңін бастан кешіріп отырғандықтан, елімізде уран экспортының төмендеуі байқалып отыр. Сонда да, Қазақстан өзінің нарықтағы орнын тұрақты түрде нығайта түсу үшін өнім өндіруді және сыртқа шығаруды арттыру үстінде. Атап айтқанда, 2012 жылы біздің экспорт 2.75 млрд. долларды, ал бір жылдан кейін 2.33 млрд. долларды құрады.
Бұған шикізат қорының молдығы да септігін тигізуде. Оның үстіне әлі зерттелмеген, ашылмаған кеніш көздері де баршылық.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның ядролық-отын циклі жөніндегі басқарушы директоры Сергей Полторацкий 8 қазанда өткен «Эксперт» клубының отырысында Қазақстанда уран қоры 80-100 жылға молынан жететіндігін ерекше атап өткен еді.
«Қазатомөнеркәсіп» әлемдік нарыққа табиғи уранды негізгі жеткізуші болып табылады. Әлемдік нарыққа Қазақстаннан шамамен 35-40 пайыз табиғи уран шығарылады. Қазіргі өндіру көлемі аясында уран қоры алдағы 80-100 жылға жетеді. Бұл қосымша геологиялық барлау жұмыстарын есепке алмағанда», - дейді ол.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында бұл саланың аса маңыздылығы жайлы кеңінен тоқталып өткен еді.
«Ядролық энергетиканы дамытудың келешегін ұмытпау керек. Әлемнің таяудағы даму келешегінде арзан атом энергиясына деген қажеттілік өсе түсетін болады. Қазақстан - уран өндіруде әлемдік көшбасшы. Біз АЭС отыны үшін төл өндірісімізді дамытып, атом стансасын салуға тиіспіз»,- деп атап өткен болатын Мемлекет басшысы.
Ендеше, осы салада қадау-қадау іргелі істердің нықтап қолға алынып жатқаны көңіл қуантады.
Солардың бірі - "Қазатомөнеркәсіп" Ұлттық атом компаниясы" АҚ трансформациялау бағдарламасын іске қосуы.
Күні кеше, яғни, 16 қазанда алғашқы қадам бастаған бұл бағдарламаның арқасында Қазақстан әлемдік нарықта уран өндірісі бойынша ғана емес, сонымен қатар уран жеткізу бойынша да көшбасшы позицияларға көшуі тиіс. "Қазатомөнеркәсіп" Ұлттық атом компаниясы" АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, болашақта аталмыш бағдарлама ел экономикасының қайнар көзінің біріне айналмақ.
Нақты айтқанда, "Қазатомөнеркәсіптің" жаңа стратегиясында 2025 жылға қарай компанияның құнын 3 есеге ұлғайту сияқты дамудың шешуші мақсаттары белгіленіп отыр.
А. Жұмағалиевтің айтуынша, өндірісті әртараптандыру әлемнің атом электр стансалары үшін дайын өнім сату арқылы компанияның қосымша табыс табуына мүмкіндіктер ашады.
Трансформация аясында маркетинг қызметін нығайтуға да жете мән берілмек. Аталмыш блокты күшейтумен қатар xалықаралық ірі уран өндіруші компаниялар тәрізді "Қазатомөнеркәсіп" өнімдерін саудалайтын трейдинг компаниясын құру да жоспарланған.
"Сондай-ақ өзгерістер жоспарында барлық күшті негізгі қызметке жұмылдыру мақсатында компанияның ұйымдық құрылымын өзгерту және бейінді емес активтерді шығару да қарастырылған. 2019 жылға қарай негізгі қызметке қатысы жоқ қызметтер көрсететін 27 бейінді емес кәсіпорын, атап айтқанда, түрлі xимиялық өндіріс орындары мен сервистік компаниялар "Қазатомөнеркәсіп" құрамынан шығарылады", - дейді компания басшысы.
А. Жұмағалиев компанияда қызметкерлердің біліктілігін арттыру бағдарламасы күшейтіліп, пайдалы қызмет көрсеткішінің орындалуына қарай еңбекке ақы төлеудің сараланған жүйесі енгізілетінін, қызметкерлердің жеке өсуі мен көшбасшылық сапасын дамыту үшін барлық жағдай жасалатынын атап көрсетті.
Трансформация бағдарламасын іске қосу рәсіміне қатысқан "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, "Қазатомөнеркәсіп" компаниясында бұл үдерісті дер кезінде және дұрыс іске қосу үшін көп күш-жігер жұмсалған. «Біз алдымен "Қазатомөнеркәсіп" АҚ трансформация бағдарламасының ұзақмерзімді мақсаттары мен бастамаларын анықтап алдық, оның бәрі директорлар кеңесі бекіткен компанияның жаңа стратегиясында көрініс тапқан», - деді ол. Сондай-ақ, Ө.Шөкеев "Қазатомөнеркәсіптің" жаңа стратегиясында 2025 жылға қарай компанияның құнын 3 есеге ұлғайту сияқты дамудың шешуші мақсаттары белгіленгенін атап өтті.
Әрине, мұндай зор мақсаттарға 1-2 жылда қол жеткізу мүмкін емес екендігі түсінікті. Өйткені, трансформация - ұзақмерзімді үдеріс. «Оның нәтижесін біз 2018 жылдан бастап көруді жоспарлап отырмыз», - деді «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы.
Ендеше, жасыл экономиканы басты бағыт ретінде ұстанып отырған Қазақстанның осынау тың бастамасы ел экономикасының қуаттануының қайнар көздерінің бірі болатындығы даусыз.
Ерлан Қожакелдиев