Американдық университеттің түлегі Павлодар оқушыларымен шеберлік сабағын өткізді
ПАВЛОДАР. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - АҚШ-тың Индиана штатындағы Purdue University университетінің «ақпараттық технологиялар және компьютерлік ғылым» мамандығы бойынша түлегі Жәнібек Датбаев Павлодарда шеберлік сабағын өткізді, деп хабарлады «Ертіс дарыны» аймақтық ғылыми-зерттеу орталығынан.
Жәнібек кезінде Павлодардағы №8 лицейді үздік бітірген, информатика пәні бойынша көптеген халықаралық олимпиадаларда жеңген жас дарын. Америкадағы оқуын тәмамдағаннан кейін туған қаласына келген ол өзі бітірген мектептің оқушыларымен, қазақ-түрік лицейі мен «Жас Дарын» мектебінің оқушыларымен кездесті.
«Маған Жәнібек өткізген сабақ қатты ұнады. Мен көп нәрсемен таныстым. Рахмет, осындай оқытушылар көп болса екен», - дейді сабақ туралы өз ойымен бөліскен Зумрат Қосшығұлова.
Мұндай шеберлік сабақтары «Ертіс дарыны» орталығында игі дәстүрге айналады. Шетелдерде білім алып жатқан көптеген павлодарлықтар жас дарындармен өз білімдерімен бөлісуге дайын.