Әміре Әрін: Елбасы мақаласы - ордалы еңбектерінің табиғи жалғасы

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әріннің пікірінше, жұртшылық қызу талқылауға кіріскен бұл мақала Нұрсұлтан Назарбаевтың осыған дейінгі ойы ордалы еңбектерінің табиғи түрдегі жалғасы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әміре Әрін: Елбасы мақаласы - ордалы еңбектерінің табиғи жалғасы

 Бастан кешіп жатқан өмір салты, тұрмыстық жайттарға тән түйіткілді қағидаттарды қайталай еске салғаны қандай орынды.

«Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі - орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді» - деп атап көрсетілген.

Қарап отырсаңыз, дәл осы кезеңде ауылда да, қалада да халықтың тұрмыстық хал-ахуалы салыстырмалы түрде алғанда бұрынғыдан көп артқан, дейді Әміре Әрін. Шаруаның ыңғайын тауып, маңдай терін төге білген жанның отбасы да, өзі де мерейлі. Десек те, бар екен деп шаша беруді, астатөк ас, тойларды өткеруді адами артықшылық деп қабылдау ұғымының жоғарыдан төмен бел алып отыруы қынжылтады-ақ. Нарықтық қатынастар қаншалықты ысырапшылдықтың жолын кескенімен бұл ғадеттен арылғымыз жоқ. Бәрінен де мұның кейінгі толқынға жұғысты болып бара жатқандығы журналистің де жанына батады.

Бас редактордың пікірінше, Нұрсұлтан Назарбаев таяу жылдарғы міндеттердің бастысы ретінде қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіруді ә дегендегі жоспарға тән алға тартты.

«Біздің эрамыздың төртінші ғасырының соңында-ақ кәрі құрлықты тұлпар тұяғының шаңына бөлеген ғұн-түріктердің тілдік экспансиясының басым түскені бар. Кейінгі Бумын бабамыз құрған Түркі қағанаты қанатын жайған тұста бұл үрдіс тіптен етек алды. Сол себепті де, латын, ағылшын, герман, парсы, славян тілдерінде түркі тілінен енген сөздер жетерлік. Бір мың жылдан астам уақыт бойына Еуразия құрлығында халықаралық тіл, яғни бүгінгі ағылшын тілінің рөлін атқарған түркі-қазақ тілінің айбыны өз сәтінде қалайша асқақтамасын. Қазақстан халқын біртұтастыққа алып келетін латын әліпбиіне өтуіміз өрісімізді кеңейтіп, әлемдік қауымдастықтағы бет-әлпетіміздің одан әрі ажарлана түсуіне серпін берері сөзсіз. Оның үстіне жұмыр жердегі елдердің сексен пайызы еркін пайдаланып отырған әліпбиден бүгін қалыс қалсақ, ертең бізді өскелең ұрпақ түсінбей қалары хақ», дейді «Жетісу» газетінің бас редакторы.