Әміре шырқаған Париж сахнасында Гүлмайдан Сүндетова әуелетіп ән салды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтың шәкірті әнші әрі сазгер Гүлмайдан Сүндетованың білмейтін тыңдаушы жоқ та шығар.
Қазақта кім білмейді Гүлмайданды,
Ән мен күй өмірі оның жырға айналды.
Мөп-мөлдір сыңғырлаған нәзік үні,
Тілеймін сайраса деп тынбай мәңгі.
Қазақта кім білмейді Гүлмайданды,
Сиқырлы домбырасы сырнайланды.
Құбылтып, құйқылжытып шырқағанда,
Көкте күн, жерде бұлбұл тыңдай қалды,- деп Оразақын Асқар жырлағандай, Атырау облысы Исатай ауданына қарасты Жанбай ауылының түлегі, Мұхит мектебінің ізбасары, дәстүрлі ән өнерінің өкілі Гүлмайдан Сүндетова отыз жылдан астам осы бір қиындығы мен қуанышы қатар жүретін мамандықты жете меңгере біліп, алаш аспанын әнге бөлеп жүрген жақсы әншілеріміздің бірі. Республикалық эстрада-цирк студиясын бітірген соң еңбек жолын Талдықорған облыстық филармониясынан бастап, Қазақстанның халық әртісі Дәнеш Рақышевтай сахна саңлағынан көп үйренеді. Жетісу әндерінің қыр-сырына қанықты. Ағасынан ән үйреніп, өз бағдарламасына қосқан кездері де бар.
Гүлмайдан Сүндетқызы Ілияс Жансүгіров атындағы Талдықорған педагогикалық институтын бітірген соң осы білім ордасында біраз жыл ұстаздық етті. Қаншама шәкірт алдынан дәріс алды. Ұстаздық ете жүріп өнерін жалғастыра білді. Сол жылдары институт жанынан ұйымдастырылған ансамблімен «Сәлем» атты концерттік топпен бірге Испания, Франция жерінде ұлттық өнерімізді дәріптеді. Кешегі ән атасы Әміре шырқаған Париж сахнасында әуелетіп ән салды.
Гүлмайдан Сүндетқызы Республикалық Әміре Қашаубаев атындағы ән байқауының жүлдегері. 1991 жылы Керекуде өткен Майра Уәлиқызы атындағы республикалық байқаудың лауреаты.
Гүлмайдан 1989 жылы Жетісулық ақын Сараның бейнесін сомдауда көп тер төкті, шығармашылық ізденісте терең толғанып, үлкен рөлді Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Академиялық театрдың сахнасында шебер ойнап, өзін актерлік қырынан таныта білді.
Драматург Тәңірберген Қалиламбековтың «Ақын Сара» спектаклі көрерменге тың дүние болды.
«Біз 1976-78 жылдары Республикалық эстрада-цирк студиясында оқыдық. Алғаш алма теруге барғанымыз есімде. Алматы облысы Талғар ауданына қарасты «Рысқұлов» атындағы ұжымшарда бір ай бойы ауылшаруашылық жұмысқа араласып, күздік өнімдерді теруге көмектестік. Республиканың түкпір-түкпірінен келген өнерлі жастардың көңіл-күйі көтеріңкі еді. Күні бойғы жұмыстан соң кешкілік гитара мен баянға қосылып ән салып, би билеп, көңіл көтеретінбіз. Сөйтіп өнерлі жастар достасып кеттік. Жұмыстан қайтқан уақытта жатақхананың қасында ақсары қыз маған таяп келіп, жақынырақ танысты. Бұл Гүлмайдан Сүндетова болатын. Ол сөзге тартты:
- Алтын, біз қалаға барған соң жатақханада бірге тұрсақ қайтеді? Біз Атыраудан келген үш қызбыз. Ғарекеңе түскен Сәуле Тапақова, Нәдия Шәріпованың сыныбына түскен Гүлзиба Өтеғалиева бар. Төртінші сен, бізбен бірге болсаңшы»,- деп қолқа салған.
Содан бастап жұбымыз жазылмай жүретін болдық. Енді міне, жылдар өткен соң сол бір албырт шақтарды сағынышпен еске аламыз. Жастық шағымыз бірге өткен достардың орны бөлек қой.
Гүлмайдан сегіз қырлы бір сырлы өнер иесі. Әнші бір кездері Алматыдағы Сүйінбай атындағы облыстық филармонияға жұмысқа орналасты. Біраз жыл Алатаудың етегінде өнер ұжымында жемісті еңбек етті.
Кейін Жайықтың жағасындағы Нұрмұқан Жантөрин атындағы облыстық филармонияға келіп, әншілігін жалғастырды. Туған жер топырағы Гүлмайдан Сүндетованың сазгерлік қасиетіне көп септігін тигізді. Елім-жерім деп сағынышпен келген ол Каспийдың толқыны, сыр жасырған Нарын құмының қасиеті, бабалар сыры жайлы өз жанынан ән шығарды. Оның алғашқы тыңдаушылары да жерлестері еді. Ол туған жерде бірталай концерт ұйымдастырып, ән көрігін қыздырды. Өнерімен ел құрметіне бөленген Гүлмайдан Сүндетова ұстазы Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің мерейтойына аса дайындықпен келді.
Гүлмайданмен арадағы емен-жарқын әңгіме барысында сол бір аяулы шақты былайша еске алды. «Біздің ұстазымыз Ғарифолла Құрманғалиев ерекше бір тұлға. Талай әншілер ол кісінің алдынан дәріс алды. Әр әнші өзінің жолын тапты. 2009 жылы ұстазымыздың туғанына 100 жыл толды.
Мәдениет министрлігі арнайы ұйымдастырған торқалы той Алматыда, Астанада дүркіреп өтті. Шәкірттері атсалыстық. Сонымен қатар аймақтық ән байқауларында да біз әділқазылық еттік. Өнер мәңгілік қой. «Мәңгілік өнер, өзің де мәңгіліксің» деп арнайы концерт бердім. Себебі ұстазымның өзі өмірден өтсе де әні қалды, шәкірттері қалды. Ғарекең тек қана әнші емес, ол сазгерлікпен айналысқан жан еді, оның артында тамаша әндері қалды.
Концертімнің екінші бөлімін Ғарекеңнің әндерімен жалғастырдым. Соңғы кезде заман талабына сай халық әндерін эстрадаға салып, сол қалпында орындап жүрген әншілер бар. Әншілерге бір тілек, халық әндерінің әуенін бұзбаса екен деп ойлаймын». Бұдан арғы сөзіміз былайша өрбіді.
-Бір кезде Талдықорған жерінде шәкірт дайындадыңыз. Атырау жерінде Гүлмайданның мектебі дейтіндей мектеп ашуға мүмкіндік бар ма?
-Атырау өңірінде музыкалық колледждер бар, мектептер де баршылық. Жақсы тәрбиелеп жатқан ұстаздар да бар. Филармонияның басшысы Ғаділ Зейнелұлының қолдауымен бірер жыл бұрын филармонияның жанынан өз мектебімді аштым".
Гүлмайдан әкесі Сүндет пен анасы Гүлзираның келешегінен көп үміт күткен қыздарының бірі. Бір үйде үш ұл, үш қызы тәрбиеленгенмен өнер қуған осы Гүлмайдан ғана. «Менің ең үлкен атағым халқымның құрметі» дейтін Гүлмайдан ата-анасының сенімін ақтап, халқына танымал әнші болды. Бірер жыл бұрын Гүлмайдан Сүндетқызы Елбасымыздың берген алғыс хатының иесі болды. Шығармашылығына 30 жыл толуына орай «Мәдениет қайраткері» белгісіне ие болды. Ендігі әңгіме әншінің бүгінгі жеткен жетістіктері жайлы болмақ.
-Осыдан төрт-бес жыл бұрын өзімнің шығармашылық кешімді өткіздім. Өз әнім «Елім менің» деп аталғаннан соң кешімді де «Елім менің» деп атадық. Филармонияның «Нарын» оркестрімен және Өзбектің «Согдиано»мемлекеттік ұлт аспаптар оркестрімен әр тілде ән айттым. Ол оркестрмен халықаралық байқауда танысқанмын. Феруза Рафшанқызы деген профессор, сол оркестрдің жетекшісі. Консерваторияның ұстаздарынан құралған. Олар менің дискімді алып, оркестрге түсіріп қойған екен, алғаш мен Ташкентке барып концерт қойдым.
Бұл оркестр менің арнайы концертімнің көркін ашты және қазақтың күйлерін орындады. Бұл концертте қызым да «Айша бибі», «Ақмаңдай әже» деген әндерімді орындады. «Ақмаңдай әже» деген әнім телевизиялық конкурста бірінші орын алған болатын. «Айша бибі» әні «Арай-2005» деп аталатын Шымкентте өткен ән байқауында бас жүлдені алды. Бұл әндердің сөзін Бекемгүл Батырбекова деген ақын жазған болатын.
«Тойдың болғанын да боладысы қызық» демекші, Атырау қаласында Гүлмайдан Сүндетқызының тойы дүркіреп өтті. Бұл әншінің жерлестерінің алдында есеп беру концерті болатын. Алыстан ауылын аңсап келген Гүлмайдан өз жерінен бақ тапты. Елі еркелетіп хан көтерді. Әнші шығармашылығымен шабыттана білді.
Ақжайықтың Ақкербезі Франция, Германия, Болгария, Испания, Испания, Қытай, Моңголия жерлерінде қазақ өнерін насихаттады, қошеметке бөленді.
Гүлмайданның қазақ киносына да қатысқан кездері бар. Ол 1996 жылы «Жамбылдың жастық шағы» фильмінде Бұрым рөліндегі қыздың әнін орындады. Ал «Көшпенділер» фильмінде қазақ әйелінің бейнесінде көрініске қатысты. Гүлмайдан Сүндетованың орындауында Қазақ радиосының «Алтын қорында» алпысқа жуық ән сақтаулы. Солардың ішінде «Ауылыңа бір келгенде», «Құдіретті үн», «Махаббатым өзімде» сынды өз әндері бар.
Әнші-сазгер Гүлмайдан Сүндетқызы жайлы «Арыс» баспасының басшылары демеушілік жасап, «Ақкербез» атты кітап дүниеге келді. Бұл кітаптың авторы - Аршагүл Тойбай. Оның ішінде журналистердің 40 жыл бойы Гүлмайдан жайлы жазған мақалаларының жиынтығы, арнау өлеңдер, Аршагүлдің әншінің қадір-қасиетін ашқан «Ақкербез» деген дастаны жарық көрді.
Өнерімен қазақ халқына танымал болған атыраулық әнші, «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері Гүлмайдан Сүндетова қоңыраудай сыңғырлаған үнімен, тамаша әндерімен халқымен бірге. Жүрген жерінде өнер шоғын қыздырып жүрген әнші-сазгердің әлі де алар асуы биік дегім келеді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева