Амнистиясыз-ақ түрмедегілердің саны азайып келеді - баспасөзге шолу
***
Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы Серік Жұманғариннің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Онда тарифтік саясат және әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу шаралары туралы айтылды. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Қысылтаяң шақта қымбатшылық қинамас па екен?» деген тақырыппен берілді. «Қазіргі уақытта, әрине, экономика жағдайына байланысты бағалар өсе бастады. Олар - азық-түлік тауарлары, жанар-жағармай және дәрі-дәрмек бағалары. Жуырда Елбасы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларына мониторинг жүргізу, қажет болған жағдайда әлеуметтік әлсіз топтарға көмек көрсету туралы айтты. Мұндағы біздің позициямыз өңірлердегі бірінші қажетті тауарлардың бағаларын тексеру және нәтижесі бойынша тексеріс жүргізу. Тексерістің басты мақсаты - бағаларды өсіруге негіз бар ма, жоқ па, соны білу. Мысалы, біз 75 тексеруді аяқтадық. Басқаша айтқанда, 186 субъектіге қатысты жанар-жағармай бойынша - 23 тексеріс, 170 нарық субъектісіне қатысты азық-түлік тауарларына, оның ішінде, қант, ұн, күріш және тағы басқа - 48 және дәрі-дәрмек нарығындағы 18 субъектіге қатысты 4 тексеріс аяқталды», - деді С.Жұманғарин.
Соңғы жылдары еліміздің Бас прокуратурасы мемлекеттік мүдде мен азаматтардың құқығын қорғауда бірқатар бастаманы жүзеге асырып, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Солардың ішінде түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілердің санын азайту бойынша жетістіктер көңіл қуантады. Атап айтқанда, түрме индексі бойынша Қазақстанның көрсеткіші тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда, екі есеге азайды. Сондай-ақ, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айтылған тиісті міндеттерді жүзеге асыруда да аталған ведомствоның белсенділігі байқалады. Халықаралық құқықтық ынтымақтастық саласында да елеулі істер қолға алынды. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газеті Прокуратура күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Жақып Асановпен арнайы кездесіп, аталған жобалар жөнінде әңгімелескен. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Расымен, бүгінгі барлық жазаның 80 пайызы - әкімшілік айыпұл. Десек те, соны уақытында төлемей, мемлекетке зиянын тигізіп жүргендер бар. Сөзіміздің дәлелі ретінде, соңғы 5 жылда 201 миллиард теңге әкімшілік айыппұл өндірілмегенін айтсақ жеткілікті. Осындай олқылықты ескеріп, біз әкімшілік айыппұлдарды өндірудің «Жол картасын» дайындадық. Себебі, бүгін жауапкершіліктен қашып, заңды белден басқандарға қарсы шара қолданбасақ, ертең олар бұдан да ауыр қылмыстарға баруы әбден мүмкін. Президент айтқан «нөлдік төзімділік» қағидасына сай, дәрежесіне қарамастан кез келген қылмыстық факті бойынша кінәлі адам жауапқа тартылуы тиіс», - дейді. Сұхбат «Амнистиясыз-ақ түрмедегілердің саны азайып келеді» деген тақырыппен берілген.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, ақпараттық қауіпсіздік дәл бүгінгі күннің басты тақырыбына айналып тұр. Әсіресе, мұндағы «майдан» әлемде көбейген ыстық нүктелердегі оқиғалардың өзін он орап алатындай алапат тасқынмен жайпап келеді. Ақпараттың соғыстың тым асқынғаны сонша, бүгінде халықаралық ауқымдағы жанжалдарды оңтайлы шешуге емес, керісінше, шиеленістіруге қарай сүйрелеп барады. Керек десеңіз оған тікелей қатысы жоқ қазақстандық қоғамнан да оның ызғары мен ыстығы сезіледі. Әрине, мұның барлығы ақпараттық шабуылдаулардан біздің елдің де тыс қалып жатпағанын көрсетеді. Демек, одан қорғану жолдарын қарастырмасақ, қиын жағдайға ұшырарымыз анық па? Басылымның атап өтуінше, кеше елордада Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өткен III Астана интернет форумы дәл осы тақырыпты талқыға салды. Форумның ашылуында сөйлеген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Уәли киберкеңістіктегі қауіпсіздік пен қазақтілді сайттардың дамуы үшін осындай шаралардың орны ерекше екендігіне тоқталды. «Нұр Отан» партиясы азаматтық бастамаларды дамытуға, қолдауға әрқашан дайын. Оның үстіне Саяси доктринаға сәйкес, интернеттің қазақстандық сегменті және ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігі басты назарда. Елімізде қазір интернет журналистика даму үстінде. Енді ол салада блогерлердің де белсенділігі байқалып жатыр. Дегенмен, барлығымыз елімізді ақпараттық шабуылдардан қорғауды ойластыруымыз керек. Өйткені, қазіргідей алмағайып заманда интернетте қырғи-қабақ соғыстар басталып та кетті. Біз соған төтеп бере аламыз ба? Форум аясында осындай маңызды сауалдарға жауап іздейтін боламыз», - деді Б.Уәли. Мақала басылымның бүгінгі санында «Ақпараттық қауіпсіздік қандай деңгейде?» деген тақырыппен берілген.
«Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылы қабылданған «Жасыл экономикаға көшу» жөніндегі тұжырымдамасы мен ел Үкіметінің «Тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жүйесін жаңғыртудың 2014 - 2050 жылдарға арналған бағдарламасын» басшылыққа алған Алматы облысы бойынша экология департаментінің мамандары бірқыдыру іс-шараларды нақты жүзеге асырып келеді. Ең бастысы, олар облыс аумағын тұрмыстық қалдықтармен ластаған шаруашалықтарды анықтап, оларды заң жүзінде жауапқа тартуды тиісті меморгандардан қатаң талап етуде. Мұның өзі жер жаннаты саналатын Жетісу аймағы экологиясын сақтап қалуға ізгі ықпал етуде», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Экология тазалығы - денсаулық кепілі» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, Алматы облысы бойынша экологиялық департаментінің мамандары үстіміздегі жылдың өткен он айы ішінде департамент қызметкерлері табиғат қорғау саласындағы заң талаптарының орындалуын бақылау мақсатында облыс аумағында орналасқан 219 мекемеге арнайы тексеру жүргізген. Тексерудің нәтижесінде, 253 заңбұзушылық анықталып, оларды жою үшін 247 нұсқама беріліп, оның 218-і дер кезінде орындалды. Аталған департаменті басшысы Қонысбек Байеділовтың пікірінше, табиғатты тұтынушылар жіберген мұндай қателіктер еліміздің Экологиялық кодексі талаптарының бұзылуына әкеп соғуда. Осы заңның 321-бабына сәйкес табиғатқа келтірген залал үшін айыпты тұлға залал мөлшеріне сәйкес айыппұл төлеуге міндетті. Заңның осы тармағын жүзеге асыру барысында облыстық экология департаменті үстіміздегі жылдың өткен 10 айы ішінде заңды өрескел бұзған 59 мекемеге 142 миллион 87 мың теңге айыппұл салды. Бұған қоса, 44 мекеме жалпы сомасы 16 миллион 780 мың теңге көлеміндегі айыппұлды қазынаға құйса, 124 миллион 685 мың теңге айыппұлды өтеуден бас тартқан 18 мекеменің ісі сот қарауына жөнелтілді. Департаменттің зертхана аналитикалық бақылау бөлімінің мамандары биыл 24 кәсіпорын мен 30 су (өзен, су қоймалары) нысандарын тексеріп, 1262 сынама алып, 4339 анықтама әзірледі.