АМТ-мен мәміле Қазақстанға қаржы үнемдеп, инвесторлар алдындағы абыройын сақтауға мүмкіндік берді – министр Шарлапаев

шарлапаев
Фото: Kazinform

«АрселорМиттал Теміртау»-мен Қазақстанға қарсы сот талабы мен шағымнан толығымен бас тарту туралы келісімнің рәсімделуі – елімізге қаржы үнемдеп, инвесторлар арасындағы абыройын сақтап қалуға мүмкіндік берді. Мұндай пікірді Jibek Joly телеарнасына эксклюзивті сұхбат берген Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев білдірді.

- Қанат Бейсембайұлы, «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорны қандай шарттармен мемлекет меншігіне қайтарылды және бұрынғы меншік иесіне барлық қаражат төленді ме?

- Мәміле сомасы 286 млн долларды құрады. Мәмілеге қатысты барлық есеп айырысулар аяқталды. Бұл ақша қаражатының төленгенін және АМТ акцияларының Қазақстанның мемлекеттік қоры меншігіне өткенін білдіреді.

- Бастапқы сома 3,5 млрд доллар болған еді. Оны 286 млн долларға дейін төмендете алдық. Бұған қалай қол жеткіздіңіздер? Неліктен мұндай үлкен сомаға төмендеді?

- Бұл келіссөздер процесі аясында жүргізілген жұмыстармен байланысты. Біз қаржылық және техникалық аудит жүргіздік. «АрселорМиттал Теміртау» жұмыс істейтін нарыққа барынша тыңғылықты сараптама жасадық және 11 айға созылған келіссөздердің қорытындысында аталған сомаға ымыраластық. Бұл жағдайда ол екі жайттың нәтижесі: келіссөздерге дайындық аясында жүргізілген жан-жақты сараптамалық жұмыс және келіссөздер процесінің өзі.

шарлапаев
Фото: Kazinform

- Қазақстан экономикасы үшін кәсіпорын қандай маңызды рөлге ие? Осы орайда Сіз оның Орта Азиядағы ең ірі кәсіпорын саналатынын айтып өткен едіңіз…

- Біріншіден, бұл 180 мың адам тұратын Теміртаудың қала құраушы кәсіпорны. Қазіргі уақытта кәсіпорынның өзінде 32 мың адам жұмыс істейді. Түптеп келгенде, бұл Қарағанды облысындағы өте маңызды жұмыс беруші саналады. Мұншама көп жұмысшы еңбек ететін кез келген кәсіпорын одан бөлек құрал-жабдықтар жеткізумен айналысатын, мүмкін өзге де қосалқы қызметтер көрсететін адамдарды жұмыспен қамтамасыз етеді. Демек, бір жұмыс орны үш жұмыс орнын құрады деп айта аламыз. Сондықтан да шамамен 100 мың адамның тағдыры аталған кәсіпорынның жұмысқа қабілеттілігімен байланысты болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, өңірге әлеуметтік әсеріне қатысты айтар болсақ, бұл – алып кәсіпорын. Әрине, жұмысшылар санын да ескерген жөн. Дегенмен, мұнан да маңыздысы – 100 пайыз кіріктірілген болат өндірісі. Кәсіпорын қазіргі сәтте шамамен 3,2 млн тонна болат өндіреді. Мұндай мөлшерде болат өндіретін кәсіпорын Орта Азияда жоқ.

- Брифинг барысында Сіз Қазақстанның сот қудалауына түрткі болмайтындай келісімшарт жасасқанын, біздің тарапқа ешқандай шағымның болмайтынын айтқан едіңіз. Мұндай келісімшартқа қалай қол жеткізе алдыңыздар? Өйткені менің білуімше, мәселен Франция да, Италия да осындай жетістікке ұмтылғанымен, оған қол жеткізе алмады. Сот шығындары салдарынан оларда кәсіпорындар жабылып қалған болатын.

- Шынымен де, мұндай жайттар бар. Түптеп келгенде, бәрі де қарапайым. Егер мемлекет қандай да бір жолмен, айталық, инвестордың құқығын бұзып, дүниесін оның келісімінсіз тартып алса, онда инвестордың халықаралық сотқа барып соттасуға толық құқығы бар. Осы тұрғыда алсақ, шынымен де АМТ бүкіл әлемде барынша тұрақты абыройға ие әрі үкіметпен айталық, сот талабы шарттармен дауласудан да қорықпайды. Ал қазіргі жайтта біз үшін, егер мәміле жасалып, АМТ-ға меншік құқығы Қазақстан Республикасының пайдасына шешілген жағдайда, оның соттық қудалаудан толықтай бас тартылуын білдіруі түбегейлі маңызға ие болды. Инвесторлардың халықаралық жүйені қолдануына қатысты дерек өте көп. Халықаралық құқығым бұзылды деп санайды да бізді, тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар өзге елдерде де сотқа береді. Осы тұрғыдан алғанда, бұл мәміле ең алдымен Қазақстан үшін ұзаққа созылатын сот талқылауларына қаржыны үнемдеуге мүмкіндік берді. Өйткені халықаралық соттарда ұзаққа созылатын сот талқылаулары өте қымбатқа түседі. Ал екінші жағынан бұл Қазақстанға инвесторлар үшін тартымды ел ретінде абыройын сақтап қалуға мүмкіндік беріп отыр. Яғни, бізбен АМТ арасында ешқандай талқылау алдағы уақытта болмайды. Осы орайда бұл тек Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ғана жұмысы еместігін атап өткім келеді. Әділет министрлігіндегі, Бас прокуратурадағы әріптестерім де бұл процеске барынша жұмылды. Осылайша біз АМТ-мен қол қойылған келісім арқылы олардың бізбен соттаспауына кепілдікті қамтамасыз еттік.

- Олар мұндай қадамға қалай барды?

- Келіссөздер солай болды. Олар өздерінің, біз өзіміздің ұстанымымызды қорғадық. Түптеп келгенде, олар бізбен уағдаласуға мәжбүр болды.

- АМТ «Қазақстан халқына» қорына 16 млрд теңге аудару туралы шешім қабылдады. Бұл өте қомақты сома. Сіздің ойыңызша, олар мұндай қадамға неліктен барды?

- Сіздің сауалыңызды түзеткім келеді. Ең алдымен, бұл қаржыны «АрселорМиттал Теміртау», яғни қазақстандық кәсіпорын аудармайды. Бұл «АрселорМиттал» бас компаниясы аударып отырған қайырымдылық. Дұрыс айтасыз, қайырымдылық сомасы 16 млрд теңгені құрайды. Бұл – «Қазақстан халқына» қоры жұмыс істеген уақыттан бергі қайырымдылық мөлшері жағынан үшінші орында тұрған сома. Меніңше, бұған бірнеше жайт әсер етті. Дегенмен, біз кетіп бара жатқан инвестор өңірді дамытуға және Теміртау қаласын дамытуға қандай да бір қоштасу сыйлығын қалдырғаны жөн ғой деп шештік. Аталған қаражаттың 50 пайызы Қарағанды облысының әлеуметтік нысандарына, ал 50 пайызы тікелей Теміртау қаласына жұмсалатын болады. Осы орайда аталған қайырымдылықтың мөлшері келіссөздер ұстанымының бір бөлігі болғандығын атап өткен маңызды. Біз инвестор аталған активтен шығып қана қоймай, өзін әлеуметтік жауапкершілігі бар инвестор ретінде көрсетуін және де өңірдің дамуына қаражат құюын талап еттік.

Соңғы жаңалықтар