Ән - халықтың ажары

СТАНА. Қазанның 2-сі. ҚазАқпарат - Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, кеше Астанадағы «Қазақстан» Орталық концерт залында халқымыздың тұңғыш ұлттық антологиясы «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» жобасының тұсаукесері өтті. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың осы антологияға кіріспе сөзін назарларыңызға ұсынамыз.
None
None

* * *

Кез келген ұлттың өзіндік кескін-келбеті мен болмыс-бітімін айқындайтын ұғымды оның өзіне тән ұлттық мәдениеті дейтін болсақ, қазақ мәдениетіндегі ән өнерінің алар орны ерекше. Данышпан Абайдың «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген сөздері қазақ өмірінің бүкіл тыныс-тіршілігі өлеңмен өрнектелетінін айқын көрсетеді. Шындығында, сәби дүниеге келгенде «бесік жырымен» әлдилеп қарсы алып, ол дүниеден өткенде «жоқтау» айтып шығарып саламыз. Қадым ғасырлар қойнауынан басталатын осы тамаша дәстүр әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Бүгінгі күн жастарының тойы да «жар-жар», «беташармен» өтетіні ата-баба салтына адалдықтың айқын көрінісі іспеттес. Орыстың тамаша ғалымы Г.Потаниннің «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деген сөзі қазақ тұрмысының осындай даралығынан туған тұжырым болса керек.

Ұлтымыздың аса бай ән өнерін дамытуға Абай бастаған Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Әсет, Естай, Нартай, Кенен сияқты халық композиторлары өлшеусіз үлес қосып, оны сапалық жаңа биікке көтерді. Олардың мол шығармашылық мұрасы қазақ операсы мен балетінде және классикалық музыкалық туындыларда кеңінен пайдаланылып, әлемнің ең әйгілі музыкатанушылары тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Жобада Арқа, Жетісу, Маңғыстау, Сыр өңірі, Батыс Қазақстанның дәстүрлі ән мектептерімен қатар, Қытай мен Моңғолияда тұратын қандастарымыздың шығармашылығының көрініс тапқаны антологияда халқымыздың дәстүрлі ән өнерінің мейлінше мол қамтылғанының белгісі деп білемін.
Осы тұрғыдан келгенде, қазақтың ғұрыптық өлең-жырларынан бастап, әйгілі халық композиторлары шығармаларын тұтас қамтыған «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» бірегей жобасы ұлттық музыка мәдениеті тарихындағы айтулы оқиға деп бағалаймын. Жинаққа енген халық әндерін К.Байсейітова, Ж.Елебеков, Ғ.Құрманғалиев, Қ.Жандарбеков, Е.Өмірзақов, М.Ержанов, Е.Серкебаев, Р.Бағланова, Б.Төлегенова сияқты саңлақ әншілерімізден бастап, Ж.Кәрменов, Қ.Байбосынов, Б.Тілеухан, Р.Стамғазиев және А.Қосанова сияқты кейінгі буын топжарғандарының нақышына келтіре орындауы - жобаның құнын да, маңызын да арттыра түсетіні анық.
«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей, менің де көңіл күйдің ауанына қарай кейбір сәттерде домбыраға қол соғып, ән айтатын, кейде көкейге келген келісті ойды көркем сөзбен қағазға түсіретін кездерім бар.
«Ел іші - өнер кеніші» дейді дана халқымыз. Әрине, қазақтың дәстүрлі әндері мың әнмен шектелмесі анық. Ендеше, жаңа жоба алдағы уақытта тың туындылармен толысып, бүгінгі ұрпақты халқымыздың баға жеткісіз мол музыкалық мұрасымен сусындата береді деп сенемін!

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев

«Егемен Қазақстан» газеті. 2010 жылғы қазанның 2-сі.

Соңғы жаңалықтар