«Ана тілі» зияткерлік олимпиадасының жеңімпаздары оқу гранттарына ие болды

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған «Ана тілі» зияткерлік олимпиадасының жеңімпаздары Астанадағы Л.Гумелев атындағы Еуразия ұлттық университетінде марапатталды.

білім
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Қазақстанның бүкіл өңірлерінен қатысқан 5 мың оқушының ішінен суырылып шыққан 192 оқушы Астанада бас қосып, олимпиаданың ақтық кезеңінде бақ сынаған болатын. Бастама авторы – «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы. 

білім оқушы көрермен
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

- Бұл олимпиада «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының ұйымдастыруымен, «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының қолдауымен, Freedom компаниясының демеушілігімен өтіп жатқан шара. Мұндағы бір мақсатымыз – сөзге, әдебиетке, тілге қызығушылығы бар дарынды оқушылардың жолын ашып, мүмкіндіктер ұсыну, болашақ маман ретінде қалыптасуына бағыт сілтейтін алаң құру. Екінші жағынан оқушылардың арасында қазақ тілі пәнінің тартымдылығын арттырып, беделін көтеруді көздедік. Осы мақсаттарға еліміздегі ең жетекші білім беретін ұйымның бірі - Білім-Инновация лицейлерінің тәжірибесін пайдалануды жөн көрдік. Бұл олимпиада осыдан кейін жыл сайын өтеді деген жоспарымыз бар, - дейді «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.

Олимпиада алғаш рет өткеніне қарамастан оған Қазақстанның бүкіл өңірлерінен 5 мыңға тарта бала қатысыпты. 

оқушылар
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

- Бірінші кезең сөз саптау мәдениеті, сыни ойлау, өз ұстанымын сауатты қорғау бағыттарын қамтыды. Екінші «Тілші» кезеңінің аясында үміткерлердің жазу, оқу, сөйлем талдау, шығарма мен мазмұндама жазу секілді мектеп аясында қалыптастырылуға тиіс қабілеттері сыналды. «Білімпаз» кезеңі басқа пәндерден алған білімін қазақ тілінде паш етуге арналды. Яғни, бұл тек қазақ тілі мен әдебиеті пәнін ғана насихаттап, осы бағыттағы білімін ғана сынайтын сайыс емес. Балалардың жан-жақты дамуына қазақ тілінің қалай үлес қосып жатқанын айқындайтын олимпиада деуге болады, - дейді ол.

Олимпиада жеңімпаздарына бірнеше университет 10-ға жуық грант ұсынып отыр. 

көрермен
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

- Ал Freedom компаниясы олимпиаданы ұйымдастыру шығындарын, келетін оқушылардың жүріс-тұрыс шығындарын көтеріп алды. Олимпиадада командалық сынақтар да, жекелей сынақтар да өтті. Гранттар сол сайыстардың бәрінде үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаздарға беріледі, - дейді Рауан Кенжеханұлы.

«Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өтенің айтуынша, олимпиаданың Астанада өткен ақтық сынында 64 командаға біріккен 192 оқушы қатысқан. 

Кенжеханұлы
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

- Бұл олимпиаданың басқа пән олимпиадаларынан негізгі ерекшелігі зияткерлік бағытында. Қазіргі таңда әлемде ағылшын тілінде өтетін зияткерлік олимпиадалар трендке айналып отыр. Four C деп атап жүрген креативтіліктің 4 қыры бар. Шығармашылық, сыни тұрғыдан ойлау, топпен жұмыс және коммуникация қабілеттерін бірдей сынайтын формат бұл. Сондай форматтағы олимпиада ана тілінде ұйымдастырылып отыр. Ана тілі жаратылыстану ғылымдарымен кіріктіріліп жасалды. Яғни бұл олимпиадада тілге ғана қабілеті бар, басқа пәндерден білімі осал бала жеңіске жете алмайды. Бұл жерде білімді болу жеткіліксіз, сол білімді нақты өмір жағдайында қалай пайдалана алатынын көрсету керек. Идеяның авторы «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы болатын, - дейді ол.

Бұл олимпиада келешекте Оқу-ағарту министрлігінің ресми білім сайыстарының қатарына енетін көрінеді. 

көрермен
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

- Биыл бірінші рет өтіп отыр. Өте сәтті өткенін көрдік. Сондықтан келесі жылдан бастап бұл сайысты Оқу-ағарту министрлігінің тізіміне кіргіземіз. Сәйкесінше олимпиададан озық шыққан оқушылардың ұстаздарын да санат тағайындау тұрғысынан ынталандыру шаралары қолға алынады деп отырмыз, - дейді Дархан Өте.

Олимпиаданың бас жүлдесін Түркістан облысынан келген «Достық» командасы жеңіп алды. 

оқушы
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Сонымен қатар 11-сыныптың 8 үздік оқушысына еліміздің жетекші жоғары оқу орындары – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (5 грант) және Narxoz университеті (3 грант), Coventry University (1 грант) білім гранттарын табыстады.

Бұдан бөлек, 5 команда – «Үздіктер», 10 команда – «Озаттар», 16 команда – «Мықтылар», 32 команда – «Белсенділер» аталымы бойынша марапатталды.

Айта кетейік, Грузия қазақстандықтарға білім грантын бөлді.

Соңғы жаңалықтар