Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Аналогтық таратылымның кезең-кезеңмен өшірілуі мобильді байланысты дамытады - Дәурен Абаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Алматы қаласында «Қазтелерадио» АҚ-ның базасында өткен жиынға қатысты.

Аналогтық таратылымның кезең-кезеңмен өшірілуі мобильді байланысты дамытады - Дәурен Абаев

Іс-шара барысында аналогтық эфирлік телетаратылымды Қазақстан Республикасының аумағында кезең-кезеңмен тоқтату мәселесі талқыланды.

Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрдің айтуынша, цифрлық эфирлік телетаралымды қолданысқа енгізу және дамыту, сапалы цифрлық отандық телеарналардың халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету - әлеуметтік тұрғыдан маңызды жоба.

«Аналогтық эфирлік таратылымның кезең-кезеңмен өшірілуі мобильді байланыстың дамуына, аналогтық желімен қызмет көрсету шығындарын азайтуға, халықаралық міндеттемелерді орындауға және аудандық телерадио хабарларын таратудын өркендеуіне себеп болмақ», - деді Д. Абаев.

Сондай-ақ, радиожиілік спектрін босату ұялы байланыстың төртінші буыны - 4G-ді енгізуді жылдамдатуға мүмкіндік бермек.

Сонымен қатар, жиын барысында ұлттық телерадио хабарларын тарату желісін «Intelsat-904» шетелдік спутнигінен отандық КА «KazSat-3» спутнигіне ауыстыру мәселесі талқыланды.

«Желіні шетелдік спутниктен отандық спутникке ауыстыру техникалық тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да қажетті болуда. Осыған байланысты «OTAU TV-дің» барлық абоненттерін қазақстандық «Қазсат-3» спутнигіне көшіруге күш салуымыз керек», - деді министр.

Министрдің айтуынша, ауыстыруға қатысты барлық техникалық іс-шаралар осы жылдың қыркүйек аяғына дейін аяқталуы қажет.

Жиын соңында БАҚ арқылы халыққа ақпараттық насихат жүргізуді күшейту туралы тапсырма берілді. «Қазтелерадио» АҚ-на «OTAU TV» абоненттерінің «Қазсат-3» спутнигіне толықтай көшірілуі және жергілікті органдармен бірлесе отырып, атаулы әлеуметтік көмек алатын жанұяларға цифрлық эфирлік таратылым қызметтерін қосу мәселесін әзірлеу тапсырылды.