Анастасия Городко әлем кубогының қола медаліне қол жеткізді

АСТАНА. KAZINFORM – Алматыдағы «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортында өтіп жатқан фристайл-могулдан әлем кубогының кезеңінде отандасымыз Анастасия Городко қола медальға қол жеткізді. 

Анастасия Городко әлем кубогының қола медаліне қол жеткізді
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Нақтырақ айтсақ, ұлттық құрама спортшысы параллель-могулдан 3-орынға ие болды. Анастасия кіші финалда кеше жекелей сында топ жарған америкалық Тесс Джонсоннан озып кетті. 

Ал, суперфиналда Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионатының 3 дүркін күміс жүлдегері Джелин Кауф пен Рино Янагимото (Жапония) сынға түсіп, америкалық жеңіске жетті. 

Тағы бір отандасымыз, Пхёнчхан Олимпиадасының қола жүлдегері Юлия Галышева ширек финалға дейін жетіп, Анастасия Городкоға есе жіберді. 

Ал ерлер арасында танымал канадалық спортшы, Пхёнчхан Олимпиадасының чемпионы, бірнеше дүркін әлем чемпионы Микаэль Кингсбери жеңімпаз атанды. Жапониялық Икума Хоришима күміс, Мэтт Грахам (Аустралия) қола медаль жеңіп алды.

Енді әлем кубогы фристайл-акробатика жарысымен жалғасады.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Анастасия Городко әлем кубогында алтыншы орынға ие болғанын жазған едік.

Бұл жарыста Қазақстан құрамасының атынан 8 спортшы бақ сынап жатыр. Атап айтар болсақ, бапкерлер Юлия Галышева, Анастасия Городко, Юлия Феклистова, Анастасия Ларионова, Павел Колмаков, Антон Бондарев, Федор Бугаков, Денис Раструбалар ел намысын қорғауда.
Жарыс бағдарламасына сәйкес спортшылар могул, параллельді могул және шаңғымен акробатика сайыстарында сынға түседі.

Жарысқа Аустралия, Канада, Қытай, Франция, Жапония, АҚШ және Қазақстанды қоса алғанда жалпы 18 елден 100-ден астам спортшы келді. 

Соңғы жаңалықтар