Ангела Меркель Еуропаның жаңа жоғары марапатына ие болды

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропарламент Меркельдің ЕО-ға қосқан үлесін жоғары бағалады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еуроодақтағы меншікті тілшісі.

Меркель 6 мамыр күні Бундестагта Мерцтің канцлер болып сайлануына қатыспақ
Фото: © picture alliance/dpa

Бүгін Страсбургте Еуропарламенттің жаңа жоғары марапаты — Еуропалық еңбегі үшін орденді (European Order of Merit) тапсырудың алғашқы салтанатты рәсімі өтті. «Distinguished Member» жоғары санаттағы алғашқы лауреаттардың бірі — Германияның бұрынғы канцлері Ангела Меркель болды.

Жаңа марапат еуропалық интеграцияны дамытуға, демократияны және ЕО құндылықтарын нығайтуға қосқан ерекше үлесті мойындау мақсатында тағайындалған. Жыл сайын 20-дан аспайтын лауреат марапатталады. Ангела Меркельмен бірге жоғары дәрежелі марапатқа Польшаның бұрынғы президенті Лех Валенса мен Молдова президенті Майя Санду ие болды.

Салтанатты рәсім жергілікті уақыт бойынша сағат 11:30-да басталып, тікелей эфирде көрсетілді.

Первая церемония вручения награды Европейского ордена за заслуги прошло в Страсбурге
Фото: picture-alliance/dpa

Еуропарламенттің мәліметінше, 2005 жылдан 2021 жылға дейін Германия канцлері қызметін атқарған Меркель ЕО үшін маңызды сын-қатерлерді еңсеруде шешуші рөл атқарған. Атап айтқанда, еуроаймақтағы қаржы дағдарысы, 2015 жылғы көші-қон дағдарысы, Brexit, COVID-19 пандемиясы және трансатлантикалық қатынастардағы тұрақсыздық кезеңінде ерекше көшбасшылық танытқан.

— Меркель тұрақтылық пен прагматикалық көшбасшылықтың символына айналды. Оның ымыраға келу қабілеті қиын кезеңдерде Еуропаның бірлігін сақтап қалуға көмектесті, — деп атап өтті Еуропарламент өкілдері.

Сонымен қатар бұрынғы канцлердің саяси мұрасы әлі де қызу пікірталас тудырып отыр. Германиядағы әсіре оңшыл саясаткерлер сол кездегі үкіметтің көші-қон саласындағы саясатын сынға алып, оның салдарынан Таяу Шығыстан ЕО елдеріне мигранттардың көптеп келгенін алға тартады.

Бұған дейін Германияның экс-канцлері Ангела Меркельдің кітабы сатылымға шыққан сәттен бастап бестселлерге айналғаны хабарланған еді.

Бұдан бөлек, Ангела Меркельге Нансен сыйлығы берілгенін жазған болатынбыз.