Англия мен Уэльстегі су компаниялары тұтынушыларға ақша қайтаруға міндеттелді
ЛОНДОН. KAZINFORM - Ұлыбританияның ауыз сумен қамтитын компаниялары сапасыз қызмет көрсетіп, қоршаған ортаны ластап келген. Сондықтан Ofwat реттеуші органы келесі жылы олардан тұтынушыларға 158 миллион фунт қайтаруды талап етіп отыр, деп хабарлайды Kazinform.

Осылайша компаниялар төртінші жыл қатарынан өз тұтынушыларына қарыз болып отыр. Бастапқыда бұл ірі сома болып көрінгенімен, халық алдағы жылы суға бар болғаны 10 фунтқа азырақ төлейді.
Берешегі ең көп компания - Thames water тұтынушыларға 56,8 миллион фунт қайтаруы тиіс. Дегенмен оның сапа көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда жақсарған.
Ofwat бас директоры Дэвид Блэк компаниялардың басшыларын қызмет сапасын одан әрі жақсартуға шақырды. Өйткені оларға деген халық наразылығы өскен.
Айта кету керек су компанияларының жұмыстарында ілгерілеушілік байқалады. Қатаң бақылаудың нәтижесінде 2020 жылдан бері қоршаған ортаны ластау 15%-ға азайып отыр. Бірақ қуануға әлі ерте дейді мамандар.
Ofwat – Англия мен Уэльстегі су және су ағындыларын экономикалық тұрғыда реттейтін орган. Ол су компанияларының тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетуін қамтамасыз етіп, экологиялық стандарттарды сақтауын қадағалайды.