Ангус республикалық палатасы немен айналысады – ұйым директорымен сұхбат

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Қазақ үшін малдың орны ерек. Әлімсақтан келе жатқан ата кәсіп әлі күнге сұранысқа ие, ауылдарда ырыздық-несібесін осы төрт түлікпен айырып отырған жандар жетерлік. Қазақстанның Ангус республикалық палатасының директоры Дәурен Салықов ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат беріп, мал шаруашылығының етті бағытында кездесетін мәселелердің бірқатарына тоқталды.

Ангус республикалық палатасы немен айналысады – ұйым директорымен сұхбат
Фото: Дәурен Салықовтың жеке мұрағатынан

- Дәурен Салықұлы, Қазақстанның Ангус республикалық палатасы немен айналысады? Асыл тұқымды түліктің басқа тұқымнан ең басты айырмашылығы неде?

- Бұл коммерциялық емес ұйым, заңды және жеке тұлғалар құрған, өз мүшелерінің мүдделерін қорғап, ел аумағында Ангус тұқымының таралуына жұмыс істейді. Асыл тұқымды мал туралы мәлімет жинап, елге әкелінгенін есепке алуды ұйымдастырады және генетикалық әлеуеті жоғары жануарларды көбейту бойынша жұмыстарды үйлестіреді. Мәселен, қазіргі уақытта елімізде осы тұқымның 112 мыңнан астам төлі бар.

2016 жылы біздің палата Дүниежүзілік қауымдастықтар кеңесіне кірді. Жыл сайын мал шаруашылығы көрмелерін өткіземіз, ел тарихында алғаш рет «Қазақстанның болашақ фермері» балалар байқауы өткізілді.

Ангус тұқымы Шотландияның солтүстік бөлігінде шығарылған. Ангус тұқымының тарихы 200 жылдан асады және бүгінгі күнге дейін әлемдік селекционерлер оны жетілдіріп келеді. Етті бағыттағы тұқымның айқын артықшылықтары деп: сиырдың жеңіл төлдеуін, күшті аналық түйсігін, жас жануарлардың ерте жетілуін, орташа тәуліктік салмақтың жоғары көрсеткіштерін, етінің сапасын айтуға болады.

Бұл тұқым күй талғамайды, ауа-райы мен климаттық жағдайлар оларға әсер етпейді, қазір елдің барлық аймақтарында 94 асыл тұқымды репродуктор бар. Ангустарды жыл бойы далада ұстауға болады, яғни шаруаның оны күтіп-бағуға кететін шығыны көп емес. Жемшөпті де талғамайды, соған қарамастан тәулігіне 800 гр дейін салмақ қосады.

Фермерлер арасында малдың бұл түріне сұраныс артып келеді, 2012 жылы небәрі 534 ангус қана сатылса, былтыр ол 15 мыңға жетті.

Асыл тұқымды бұқалар мен жергілікті қашарларды будандастырудың нәтижесінде асыл тұқымды емес жануардың өнімділігі 30-40 % артқан. Ангус төліне ең жақсы қасиеттерін бере алады. Сондықтан күшті ген иесі саналатын бұл тұқым әлем бойынша генофондты және табындардың сапалық көрсеткіштерін жақсартты.

Қазіргі уақытта елімізде 18 мыңға жуық фермер Ангус бұқаларды пайдаланып, оларды тұқымы жоқ 154 мың қашары бар табынға жіберген. Осылайша малдың сапасын жақсартып жатыр.

Тағы бір ерекшелігі – оның мәрмәр еті, ол премиум өнім болып есептеледі. Ангус еті қазір әлемде үлкен сұраныс пен құндылыққа ие.

- Мал шаруашылығында жүргеніңізге 10 жылдан асқан екен. Яғни, бұл саланың егжей-тегжейін білесіз. Қазақстандағы етті мал шаруашылығы қазір қандай кезеңді бастан өткеріп жатыр?

- Қазір бизнес аграрлық өркениетке назар аударуға міндетті – бұл экономиканы дамытудың негізі. Қазақ халқына тарихты еске түсіру керек – ежелгі дәуірден бастап Қазақстан аумағында біздің ата-бабаларымыз мал шаруашылығымен айналысты, өмірінің негізі шалғайдағы мал шаруашылығы болды, олар бізге ұлан-байтақ жерді мұраға қалдырды, біз оны мақсатты пайдалануға міндеттіміз. Біз осынша жерге ие екенімізді түсінбейміз және бағаламаймыз.

Бүгінгі таңда осы бағытта жүйе бар, тек соны масштабтау қажет, Қазақстанға бұл бағытта оңайырақ, өйткені әлем фермерлері бұған дейін тәжірибе жинады, түрлі қателіктерді бастан өткеріп, елеп-екшеді, бізге олардың оң тәжірибесін өзімізге оңтайлап, енгізу ғана қалды.

Жалпы мен шаруаларды мал өсіріп отырған тұқымына байланысты бөлінбеуге шақырамын. Жұмыс та, жер де барлығына жетеді. Бәрімізге бір бағытта еңбек етіп, арандатушылыққа көңіл бөлмеу қажет.

Қазақстанның экспорттық әлеуеті орасан зор, Қытай, Ресей, Иран, БАӘ және т. б. елдер бізбен санасуы үшін үлкен көлем және тұрақты жеткізілім қажет. Ол үшін сиырды барынша көп импорттап, оларға асыл тұқымды бұқаларымызды жіберіп, бұқалар түрінде тауарды экспорттау қажет, бұл валюталық пайда да.

- Неліктен қазір ет қымбат?

- Қазақстанда ет бағасы қымбат емес, мәселе басқада, адамдар оны қалағанынша сатып ала алмайды. Бұл мәселе Үкіметке қатысты, халықтың әл-ауқатын көтеру қажет.

Қазір мал өсірушілер өте қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр. Ет құны жыл сайын өсіп келеді, ал ет бағасы жоқ, Үкімет фермерлердің ет сатуын шектейді, жалпы, бітпейтін шектеулер, түрлі квоталар енгізеді, мысалы биыл 60 мың тірі малды ғана экспорттауға болады, бірақ, оның өзінде көп шаруаның қолын байлайтын талап көп. Сондай-ақ мал шаруашылығында мемлекет қолдауды азайтты. Салдарын көріп отырмыз, инвесторлар бұл салаға баруды тоқтатты, фермалар жабылып жатыр, бірақ, біз жақын арада бәрі өзгереді деп үміттенеміз.

Фермердің еңбегін бағалап, оларға құрметпен қарау керек! Қала тұрғыны инфрақұрылымы жоқ ауылға мал өсіруге, демалыс және мереке күндерінсіз жұмыс істеуге бара ма? Фермер үшін табыс көзі, оның тауары - ет, ал бұл етті алу үшін ол бұзауды өлтіріп алмай өсіруі керек, яғни 3 жыл жұмсап, құнынан төмен сату керек...

Қазіргі уақытта Қазақстан өзін етпен 100% қамтамасыз етіп отыр, экспортқа шығаруға да мүмкіндігі бар, оны мал басымен айтар болсақ, шамамен 450 мың ірі қара.

- СҚО-да биыл 15 сүт фермасының құрылысы басталды. Жыл соңына дейін 9 кешен іске қосылады. Бұл жайында сіздің пікіріңізді білсек...

- СҚО-да мал шаруашылығының ет және сүт бағыты бар, бүгін біз сүт бағытына жақсы мемлекеттік қолдаудың барлығын көріп отырмыз, мен бұл бастаманы қолдаймын.

Етті мал шаруашылығы, оның ерекшелігі – малдың жайылымда бағылуы. Жануарлар неғұрлым жайылымда көп жүрсе, соғұрлым оның өзіндік құны төмен.

Ал, сүтті мал шаруашылығында малды жыл бойы қорада ұстайды, оларды толық көлемде жемшөппен қамтамасыз ету маңызды. Мұндай фермаларға жайылым қажет емес, жемшөп өсіру үшін алқап қажет.

СҚО-да жайылымдық жерлермен проблема бар, бірақ жемшөп өсіретін егістіктер жеткілікті, сондықтан бұл аймақта ет бағытына қарағанда, сүт бағытының әлеуеті жоғары. Бірақ мен сүт-тауарлы фермалармен қатар мал бордақылау алаңдарын дамытуды ұсынар едім, мал бордақылау алаңы үшін де жайылымдардың қажеті жоқ, өйткені онда мал ашық қашаларда ұсталады және оның құрылыс құны 10 есе төмен. Қазір малдың төлі бордақылау алаңдары бар Оңтүстік, Қостанай, Ақмола және т.б. облыстарға кетіп жатыр. Облыста болса кәсіпкер, өңір қосымша пайда көрер еді, жаңадан жұмыс орындары ашылады.

- Әңгімеңізге рахмет!