Анна Данилина әлемдік рейтингіде ТОП-5-ке қайта кірді
АСТАНА. KAZINFORM — Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жекелей және жұптық сында жаңартылған рейтингіні жария етті.
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина 6 895 ұпаймен 8-ден 5-орынға көтерілді. Сөйтіп ол өзінің үздік көрсеткішіне (4) жақындады.
Қазақстандық теннисшінің алдында оның бұрынғы жұптасы, сербиялық Александра Крунич (6 905 ұпай) тұр.
А.Данилина америкалық Эйжа Мухаммадпен бірге Рим (Италия) WTA 1000 турнирінің ширек финалына дейін жетіп, онда ресейліктер Мирра Андреева – Диана Шнайдерге жол берген еді. Кейін М.Андреева – Д.Шнайдер чемпион атанды.
Қазақстандық теннисші осы аптада ресейлік Екатерина Александровамен бірге Страсбург (Франция) WTA 500 турнирінде өнер көрсетеді.
Жұптық сын рейтингісінде Юлия Путинцева 142-ден 181-ге, Жібек Құламбаева 187-ден 195-ке төмендеді.
Жекелей сында әлемдік рейтингіде Беларусь өкілі Арина Соболенко 9 960 ұпаймен көш бастаса, Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина (8 705 ұпай) екінші сатыда.
Ю.Путинцева жекелей сында 77-ден 75-ке, Ж.Құламбаева 391-ден 384-ке көтерілді.
Е.Рыбакина WTA чемпиондық кестесінде 4 312 ұпаймен бұрынғыша бірінші сатыда келеді.
А.Соболенко (4 080 ұпай) екінші орында.
Рим WTA 1000 жарысында ширек финалда Е.Рыбакинаны жолдан тайдырып, кейін чемпион атанған украиналық Элина Свитолина 3 460 ұпаймен үздік үштікке енді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Женева жарысында бақ сынайтынын жазған едік.