Анна Данилина Цинциннати турнирінің ширек финалына шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Анна Данилина Цинциннати (АҚШ) WTA 1000 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Анна Данилина Цинциннати турнирінің ширек финалына шықты

Қазақстандық теннисші бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге екінші айналымда жарыстың 3-ракеткалары, жапониялық Ена Шибахара - қытайлық Чжан Шуаймен кездесті.

Қазақстандық-бразилиялық жұп 6:3, 6:3 есебімен басым түсті.

Бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған бәсеке барысында Анна мен Беатрис 2 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қарсыластары 2 эйспен ғана көзге түсті.

Қазақстандық-бразилиялық жұп жартылай финалға шығу үшін доданың 7-ракеткалары, украиналық Людмила Киченок – латвиялық Елена Остапенкомен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның алғаш рет Цинциннати турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Е.Рыбакина ширек финалда әлемнің 24-ракеткасы, америкалық Мэдисон Кизбен кортқа шығады. Ол үшінші айналымда әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Свентекті ұтып кетті – 6:3, 6:4.


Фото:ktf.kz