«Аңсаған сәби» арқылы 30 мың әйелге тегін ЭКО жасалды
АСТАНА. KAZINFORM — 2021 жылдан бері «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 30 мыңнан астам әйелге ЭКО жасалып, көптен күткен 10 мың сәби дүниеге келді.

Бұл туралы ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова айтып берді.
— Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 2021 жылдан бері 30 мыңнан астам әйелге ЭКО жасалды. Шамамен 10 мың сәби дүниеге келді. Ал жасөспірімдер арасындағы босану көрсеткіші 8 пайызға, түсік жасау жағдайлары — 13 пайызға азайды, — деді Мағрипа Ембергенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, аурудың алдын алу, сырқаттануды болдырмау және бала көтере алатын жастағы әйелдердің денсаулығын жақсартуға бағытталған шаралар қолға алынған.
— Осы мақсатта Денсаулық сақтау министрлігі «Аналар саулығы» бағдарламасын жүзеге асыруды бастады. Бұл әйелдердің денсаулығын бақылау, тексеру және жүктілікке дейінгі денсаулығын нығайтуға бағытталған бағдарлама. Жүктілікке дейінгі дайындықпен қамту көрсеткіші 23 пайызға дейін артты. Анемия, пиелонефрит, қант диабеті және артериялық гипертензиясы бар жүкті әйелдер 2024 жылдан бастап қажетті препараттармен тегін қамтамасыз етіліп келеді, — деді ол.
Сонымен бірге, акушерлік саласында емдеудің инновациялық әдістері енгізіліп жатыр. Босану қызметтерінің тарифі 40 пайызға дейін артқан.
Айта кетейік, Қазақстанда ана өлім-жітімі азайды. Елімізде бала туатын жастағы 4,8 миллион әйел бар.