Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

«Аңсаған сәби»: Түркістан облысына биыл қанша квота бөлінді

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында кейінгі бес жылда экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) нәтижесінде 1 мыңға жуық сәби дүниеге келді.

бала, сәби
Фото: pixabay.com

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2021-2025 жылдар аралығында өңірге ЭКҰ жүргізуге 2 615 квота бөлініп, оның бәрі толық игерілген. Квота алған әйелдердің 77 пайызы — ауылдық жердің тұрғындары.

— «Аңсаған сәби» бағдарламасын іске асырудың бес жылы ішінде Түркістан облысында квоталық ЭКҰ бағдарламаларының нәтижесінде 988 сәби дүниеге келді. Оның ішінде 87 егіз және 3 үшем бар, — делінген басқарма ұсынған ақпаратта.

Ведомство хабарлауынша, биыл бағдарлама аясында Түркістан облысына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы ЭКҰ жүргізуге 652 квота бөлінді.

— 2026 жылдың алғашқы алты айында облыста 234 ерлі-зайыпты жұп квота алып, ЭКҰ бағдарламасынан өту үшін клиникаларға жолданды, — деді басқарма өкілдері.

Бұгінде Қазақстанда ЭКҰ бойынша квоталық бағдарламаларды жүзеге асыратын 19 клиника жұмыс істейді. Оның үшеуі Шымкент қаласында орналасқан. Мамандардың айтуынша, бұл облыс тұрғындарына медициналық тексеруден өтіп, ЭКҰ бағдарламасы бойынша ем алу үшін еліміздің шалғай өңірлеріне бармай-ақ қажетті қызметті алуға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Павлодар облысында ЭКҰ кезегінде 600-ге жуық жұп тұрғанын жазған едік.