Әнші Акмаль өтпей қалған концертіне билет алған тұрғындардың шығынын қайтармаған
АСТАНА. KAZINFORM – СҚО бойынша Сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті Қостанай қаласында өтпей қалған әнші Акмальдың концертіне қатысты азаматтарға билет ақшасын қайтару мәселесімен айналысып жатыр.
Мәліметке сәйкес, 2025 жылдың 18 қарашасынан бастап департаментке 25 қазанда Қостанайда өтуі тиіс болған концерттің өтпей қалуына байланысты 100-ден астам өтініш түскен.
Тұтынушылар билеттерді eventticket.kz электронды сервисі арқылы сатып алған. Бұл — электрондық форматта ақылы қызмет көрсету шарты жасалғанын білдіреді. Алайда концерт белгіленген күні өткізілмей, ұйымдастырушы билет құнын қайтармаған.
Өтініштерді қарау нәтижесінде департамент тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнама талаптарының бұзылғанын анықтады. Осыған байланысты концертті ұйымдастырушы — жеке кәсіпкерге барлық зардап шеккен азаматтарға билет құнын толық көлемде қайтару туралы ресми хабарлама жолданды. Ұйымдастырушы тұтынушыларға 6 миллион теңгеден астам қаржы қайтаруы тиіс.
«Егер қаражатты қайтару туралы талап орындалмаған жағдайда, департамент ҚР „Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы“ Заңының 5-бабы 8-тармағына сәйкес, сатып алынған билеттердің ақшасын қайтару мәселесі бойынша сотқа жүгінеді», - деді СҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Қанат Жеңісбекұлы.
Ведомство жағдайды бақылауда ұстап отыр және азаматтарды өз құқықтары бұзылған жағдайда жедел хабарласуға шақырады.
Айта кетейік, Ақбота Керімбекова келесі жылы жеке шығармашылық концертін өткізбек.