11:37, 06 Қаңтар 2009 | GMT +5
Әнші, сазгер Қорабай Есеновтің 60 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтеді
АЛМАТЫ. Қаңтардың 6-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, әнші, сазгер Қорабай Есеновтің 60 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазақтың белгілі гитаршысы, әнші, сазгер Қорабай Есеновтің мерейтойлық бұл кеші көктемде Республика сарайында өтеді. Ал күзде «Гитара сазы» деген жаңа жоба бойынша Қазақстандағы гитара аспабымен ән айтатын Табылды Досымов, Ержан Белғозиев, Гауһар Әлімбекова, Сейіл Аяғанов, Ұлықпан Жолдасов, Гүлмира Ақүрпекова, Ақбота Керімбекова сияқты гитарамен ән салушылардың басын қосып, үлкен концерт қоямыз», дейді Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық ән фестивалі дирекциясының директоры Қалдыбек Құрманәлі. 1970-1980 жылдары сол кездегі жастардың сүйікті әуендеріне айналған ? «Жас қалам», «Қоштасу» сияқты әндерін 17 жасында шығарған Қорабай Есеновтің негізгі мамандығы агроном. Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында өмірге келген ол Целиноград (қазіргі Астана) қаласындағы ауыл шаруашылығы институтының түлегі. Танымал сазгер қырық жыл бойы «Астық қабылдау» мекемесінің директоры қызметін атқарып, ерен еңбегімен жерлестерінің ықыласына бөленген. 1997 жылы Қ. Есенов «Жаңаарқа ауданының құрметті азаматы» атағына ие болды.