Аңшыларға тек аналық киікті атуға рұқсат берілуі мүмкін – министр
АСТАНА. KAZINFORM — Экология министрі Ерлан Нысанбаев аңшыларға киік аулауға рұқсат беру туралы тілшілер сұрағына жауап берді және оның неліктен қауіпті екенін айтты.

− Оны да қарастырып жатырмыз. Бірақ бұл жерде қауіп көп. Біздің кең байтақ даламыз үлкен, ал инспекторлар саны әр аңшының артынан еріп жүруге мүмкіндік бермейді. Бұл тәжірибе Совет дәуірінде болған. Бір жылдары рұқсат беріліп, бүкіл дала мүйізі кесілген киіктердің тушасына толған. Сол себепті биыл тек аналығына (рұқсат – ред.) береміз бе деп ойлап отырмыз. Бірақ қазір оның жолы, әр қадамы қалай болады – соны аңшылар ұйымымен өзіміз ақылдасып жатырмыз, − деді Экология министрі Ерлан Нысанбаев Сенатта өткен брифингте.
Бұған дейін Е.Нысанбаев киік санын реттеуге қатысты ғалымдардың биологиялық негіздемесі келесі аптада дайын болатынын айтқан еді.
Осы биологиялық негіздемеге сәйкес, киіктің белгілі бір санын аулау мәселесі көтеріледі.
Сонымен бірге Ақмола облысының шаруалары киіктің қаптауына байланысты төтенше жағдай жариялауды ұсынды.