Антарктидада ғылыми зерттеулер жүргізген қазақстандық экспедиция елге оралды

АСТАНА. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Антарктидада ғылыми зерттеулер жүргізген қазақстандық экспедиция елге оралды.

Антарктидада ғылыми зерттеулер жүргізген қазақстандық экспедиция елге оралды
Бүгін Астанада Жердің оңтүстік полюсінде сапарда болған ғалымдар журналистермен кездесіп, экспедиция жайында әңгімелесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.2006 жылы «Қазгидромет» Қазақстан мамандарының Антарктида сапарларын ұйымдастыру жөнінде реседің «Росгидрометімен» келісім жасады. 2009 жылы ақпанның 11-інде «Қазгидрометтің» Экологиялық мониторинг ғылыми сүйемелдеу басқармасының жетекшісі Қадырбек Бектұрсынов пен ақпарат жинау және өңдеу орталығының жетекші инженері Антон Чирков экспедицияға аттанған болатын. Экспедиция барысында мамандар «Академик Федоров» кемесімен ресейлік «Новолазаревская», «Молодежная» және «Мирный» стансаларында болып, ондағы гидрология және метеорология жүйесі негізінде жүргізілетін жұмыс істеу тәртібімен танысып қайтқан.«Экспедицияның ғылыми тақырыбы климаттық үдерістер мен өзгерістерді зерттеу болып табылады. Парниктік газдармен ластанбаған, адамның әсері тимеген жерлердің бірегейі - алтыншы құрылық. Сол жақтағы мыңжылдық мұздарға зерттеу жүргізсек, жердегі соңғы мың жылда болған климаттық өзгерістерді бағамдауға болады», деді «Қазгидрометтің» Экологиялық мониторинг ғылыми сүйемелдеу басқармасының жетекшісі, экспедицияны ұйымдастырушылардың бірі Берік Баймағамбетов. Экспедиция мүшесі Қ. Бектұрсыновтың айтуынша, климаттық үдерістерді бақылауға Қазақстан да мүдделі. «Осы сапар негізінде Қазақстан климатындағы үрдістерді болжауға, соған сай ауыл шаруашылығы саласын икемдеуге мүмкіндік туады. Сондықтан, бұл зерттеудің экономикалық маңызы бар. Антарктидада алынған мұздарды ел аумағындағы шыңдардағы мұздармен салыстыру арқылы ел экологиясының ластану деңгейін анықтауға да қол жеткізілмек», дейді экспедиция мүшесі Қадырбек Бектұрсынов. «Қазақстан климаты соңғы жылдары өзгеріске ұшырап, ауаның температурасы 1,5 градусқа төмендеген. Мәселен, Астананың өзінде жауын-шашын, қар және борандар екі есеге азайды. 50-70 жылдан кейін бұл үдеріс тіпті өршіп, ауаның температурасы 4-5 градусқа ауытқымақ», дейді ол.