Антикор ҰҚК жүйесінде бұрын да нәтиже көрсеткен — Мәжіліс депутаты

АСТАНА. KAZINFORM — Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жекелеген құрылымдарды күшейтумен емес, нақты мақсат қоюмен және күштерді біріктіру арқылы шешілуі керек. Бұл пікірді Парламент Мәжілісінің депутаты Константин Авершин айтты. 

Константин Авершин
Фото: parlam.kz

Депутаттың айтуынша, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) жүйесінде жұмыс істеген және оң нәтижесін көрсеткен. Алайда уақыт өте келе қызметтер қайталана бастады, ал бұл, оның пікірінше, қателік болды.

— Қазір маңызды шаралар қолға алынып жатыр. Бұл Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асты ойлаймын. Кеңес Одағы ыдыраған соң бізде сыбайлас жемқорлықтың қауіпті деңгейге жеткені есімізде. Сол кезде билік өкілдері арасындағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарымен күресетін арнайы «С» басқармасы құрылған еді. Қазіргі өзгерістер соған ұқсас қадам болуы мүмкін, — деді Константин Авершин.

Ол сыбайлас жемқорлықпен күресте нақты нәтижеге қол жеткізу, яғни тәуекелдерді азайту және жүйелік бұзушылықтарды жою маңызды екенін атап өтті.

— Егер мақсат «ведомствоны күшейту» деп қойылса және жай ғана ресурстар сонда бағытталса, нәтиже болмайды. Нақты мақсат — сыбайлас жемқорлықпен күресу, оның көріністерін азайту болуы керек, — дейді депутат.

Сондай-ақ, спикер қазіргі форматта ҰҚК мен Антикордың өзара іс-қимылы синергиялық нәтиже беріп, нақты нәтижеге қол жеткізеріне сенім білдірді.

Константин Авершиннің айтуынша, Қазақстанда сыбайлас жемқорлық жүйеге, қоғамға, тіпті менталитетке дейін сіңіп кеткен, сондықтан онымен барлық деңгейде, ешкімнің беделіне қарамастан күресу керек.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі шараларды бекітіп, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті ҰҚК құрамына қосу туралы шешім қабылдаған болатын

Соңғы жаңалықтар