Гутерриш Түрікменстанда БҰҰ-ның дамушы елдер жөніндегі конференциясына қатысады

АСТАНА. KAZINFORM — БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Түрікменстанға «Аваза» ұлттық туристік аймағында өтіп жатқан БҰҰ-ның теңізге шыға алмайтын дамушы елдер жөніндегі үшінші конференциясына қатысу үшін келді, деп хабарлайды TDH. 

Генсек ООН прибыл в Туркменистан на конференцию ООН по развивающимся странам
Фото: Anadolu Ajansı

Түрікменбашы қаласының халықаралық әуежайында оны түрікмен халқының Ұлттық көшбасшысы, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов қарсы алды. 

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш үйлесімді даму жолымен келе жатқан Түрікменстандағы жалпыадамзаттық маңызы бар халықаралық форумға қатысу ол үшін үлкен мәртебе екенін айтты.

Өз кезегінде Гурбангулы Бердімұхамедов БҰҰ қамқорлығымен жоғары деңгейдегі конференцияны ұйымдастыру және өткізу Түрікменстанға жалпы сенім вотумы ретінде қарастырылатынын мәлімдеді. 

БҰҰ Бас хатшысы Түрікменстанға сапары аясында президент Сердар Бердімұхамедовпен ресми кездесу өткізеді, онда екіжақты және өзара мүдделі халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланады.

Сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш пен түрікмен халқының ұлттық көшбасшысы, Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовтің кездесуі жоспарланған. 

5-8 тамыз аралығында Авазада БҰҰ-ның теңізге шыға алмайтын дамушы елдер жөніндегі Үшінші конференциясы өтеді. Конференцияға көптеген мемлекеттің басшылары, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың жетекшілері мен өкілдері қатысады. Антониу Гутерриштің осы конференцияға қатысуы оның халықаралық маңызын арттырады және қатысушы мемлекеттер арасындағы сенімді ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. 

Атап өтілгендей, конференция теңізге шығу мүмкіндігі жоқ дамушы елдердің экономикалық әлеуетін арттыруға, сауда-экономикалық саладағы аймақаралық және халықаралық қатынастарды дамытуға ықпал етеді.

Бүған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Антониу Гутерриш Алматы қаласындағы БҰҰ өңірлік орталығына барғанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар