Антониу Гутерриш: Йеменде жағдай ушығып, халық ауыр зардап шегіп отыр

АСТАНА.KAZINFORM — Йемендегі шиеленіс күшейіп келеді, ал соңғы оқиғалар жағдайдың одан әрі ушығуы мен елдің бөлшектену қаупін арттырып отыр. Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Нью-Йоркте Қауіпсіздік Кеңесіне Йемендегі жағдай жөнінде өткізген брифингінен кейін журналистерге айтты, деп хабарлайды БҰҰ Жаңалықтары.

Антонио Гутерриш
Фото: БҰҰ/М.Гартен

— Йемен аумағының барлық бөлігінде шиеленіс біраз уақыттан бері сақталып келеді. Шығыс провинцияларда болып жатқан оқиғалар отқа май құйғандай әсер етіп жатыр, — деді ол.

Бас хатшы осы айдың басында Оңтүстік өтпелі кеңеспен байланысы бар күштердің Хадрамаут пен Әл-Махра провинцияларында алға жылжығанын еске салды. Оның айтуынша, мұндай біржақты әрекет «ауқымды эскалация мен одан әрі фрагментация қаупін арттырады».

БҰҰ басшысы «ұрыс-қимылдардың толық қайта басталуы аймақтық бейбітшілік пен қауіпсіздікке, соның ішінде Қызыл теңізде, Аден шығанағында және Африка мүйісінде ауыр салдар әкелуі мүмкін» деп ескертті.

Гутерриш барлық тарапты барынша ұстамдылық танытуға, шиеленісті азайтуға және келіспеушіліктерді диалог арқылы шешуге шақырды. Ол бұл үндеу өңірлік қатысушыларға да қатысты екенін атап өтті. Оның сөзінше, «олардың БҰҰ-ның делдалдық күш-жігерін қолдаудағы сындарлы өзара іс-қимылы мен үйлесімді әрекеті ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін шешуші маңызға ие».

Бас хатшы сондай-ақ «Йеменнің егемендігі мен аумақтық тұтастығы сақталуы тиіс» екенін атап өтіп, елге «барлық йемендіктің үміт-тілегін ескеретін және бұл күйретуші қақтығысқа нүкте қоятын тұрақты, келісілген саяси реттеу» қажет екенін айтты.

Оның мәліметінше, шамамен 4,8 миллион адам өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған, ал 19,5 миллион адам гуманитарлық көмекке мұқтаж.

Сонымен қатар БҰҰ-ның көмек көрсету жөніндегі күш-жігері елеулі кедергілерге тап болып отыр.

— Хуситтердің бақылауындағы аймақтарда жұмыс істеу жағдайы төзгісіз болып кетті, — деді Бас хатшы.

Ол БҰҰ мен серіктес ұйымдардың 59 қызметкерінің, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық қоғам ұйымдары мен дипломатиялық миссия қызметкерлерінің еркінен тыс қамауда ұсталуын қатаң айыптап, оларды халықаралық құқыққа сәйкес дереу әрі шартсыз босатуға шақырды.

Гутерриш жуырда де-факто билік — хуситтер — БҰҰ-ның үш қызметкерінің ісін арнайы қылмыстық сотқа жолдағанын еске салды және бұл шешімді жоюға үндеді. Ол Біріккен Ұлттар Ұйымы мен оның серіктестері өздерінің ресми міндеттерін атқарғаны үшін ешқашан қудалауға, тұтқындауға немесе ұстауға ұшырамауы тиіс екенін баса айтты.

Қиындықтарға қарамастан, БҰҰ Йемен халқына өмірлік маңызы бар көмекті көрсетуге адалдығын сақтап отыр.

— Биыл біз 5,3 миллионнан астам адамға азық-түлік, тамақтану бойынша қолдау, су және медициналық көмек көрсеттік, — деді Бас хатшы.

Алайда оның айтуынша, жеткілікті қаржыландыру мен жұмыс істеу мүмкіндігі кеңейтілсе, бұдан да көп іс атқаруға болар еді.

Гутерриш «Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл жолда Йемен халқына қолдау көрсетуге берік ниетті» екенін жеткізді. Ол барлық тарапты Йемен бойынша Арнайы елшімен сындарлы түрде өзара әрекеттесуге, зорлық-зомбылықтан гөрі диалогқа басымдық беруге және жағдайды ушықтыруы мүмкін кез келген біржақты әрекеттерден бас тартуға шақырды.

— Йемен халқы бейбітшілікті талап етеді және оған лайық, — деп түйіндеді БҰҰ Бас хатшысы. 

Соңғы жаңалықтар