19:04, 16 Ақпан 2009 | GMT +5
Әнуар Сәйденов «БТА банкі» АҚ-ның басқарма төрағасы болып тағайындалды
АЛМАТЫ. Ақпанның 16-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ – Бүгін «БТА банкі» АҚ директорлар кеңесінің отырысында Әнуар Сәйденов банктің басқарма төрағасы болып тағайындалды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Бұған дейін басқарма төрағасы болып келген Роман Солодченко басқарма төрағасының орынбасарлығына ауысты. Банктің директорлар кеңесінің төрағасы Арман Дунаев, «банктің басқарушылар командасына қаржы саласында үлкен тәжірибесі бар топ-менеджердің келуі банктің қаржы саласындағы ұстанымын нығайтады», деген сенім білдірді. Әнуар Сәйденов 1960 жылы қыркүйектің 19-ында Мәскеуде дүниеге келген. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің экономика факультетін, Лондон университетін бітірген. Еуропалық даму және қайта құру банкінде (Лондон) қаржыгер, ҚР Инвестициялар жөніндегі мемлекеттік комитетінің атқарушы директоры, ҚР Инвестициялар жөніндегі комитетінің төрағасы, ҚР Қаржы вице-министрі, «Халық жинақтаушы банкі» ААҚ басқарма төрағасы, Ұлттық банк төрағасының орынбасары, кейіннен төрағасы қызметтерін атқарған. Соңғы уақытта «БТА банкі» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі қызметін атқарды.