АӨСШК елдерінің экология министрлері Астана мәлімдемесін қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше мемлекеттер министрлерінің экология мәселелеріне арналған алғашқы конференциясы өтіп жатыр.

экология
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Шара бейнеконференция режимінде ұйымдастырылған. Кеңеске мүше мемлекеттердің министрлері мен вице-министрлері кезек-кезек сөз алып, өз елдерінде экологиялық проблемаларды шешу және алдын алу бағытында атқарылған жұмыстарды баяндап, климаттың өзгерісін тиімді реттеу бағытында іске асып жатқан тәжірибелерді ортаға салды.

Қайрат Сарыбай
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

«Азия кеңесінің экологиялық мәселелерге байланысты министрлер деңгейіндегі кездесуі бірінші рет өтіп отыр. Конференцияның нәтижесінде мардымды құжат қабылданады деп отырмыз. Жалпы қоғам болашақта табиғатпен қалай үйлесімді дами алатынын талқылайтын жаңа алаң құрылып жатыр деуге де болады. Бұл министрлер конференциясы дәстүрге айнала ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Халықаралық қоғамдастықта экологиялық мәселелерге көңіл ерекше ауып отыр. Бұл мәселелерді шешуге жалғыз мемлекеттің әлеуеті жетпейтінін ескерсек, Азия кеңесінің аясындағы министрлер кездесуі тиімді алаң бола алады деп күтеміз», - дейді АӨСШК бас хатшысы Қайрат Сарыбай.

Конференцияда трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалану, Аралды құтқару мәселелері де сөз болды.

«Бұл конференцияның ең басты нәтижесі – қоршаған орта мәселелерінің Азия кеңесі аясында тұңғыш рет министрлер деңгейінде қолға алынуы. Бұл кездесудің қорытындысы біздің елге, үкіметке ешқандай міндеттеме жүктемейді. Керісінше, көп пайда әкеледі. Өйткені қазіргі таңда қоршаған орта бағытындағы Қазақстанды ерекше толғандыратын Аралды құтқару, су бөлісу сияқты мәселелерді өз бетімізбен шешу мүмкін емес. Сондықтан экология мәселесінде Азия кеңесіне мүше мемлекеттер өзара ынтымақта жұмыс істесе, пайда көбірек болады», - дейді кеңестің бас хатшысы.

жиналыс
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Конференция соңында кеңеске мүше елдердің министрлері экология мәселелері бойынша ортақ мәлімдеме қабылдады.

«Біз климат өзгеруінің ауыртпалығын және оның біздің аймаққа тигізетін әсерін түсіне отырып, климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі озық тәжірибелер мен жетістіктерді бөлісуге міндеттеме аламыз. Біз өмір сүру мен денсаулық сапасын жақсартуға, климаттың өзгеруін тежеп, бейімделуге, биоалуандықты сақтауға, суды тұрақты басқарып, экожүйелердің ластануына өзара тәжірибе алмаса отырып қарсы тұруға ниеттіміз», - делінген мәлімдеме мәтінінде.

Соңғы жаңалықтар