АӨСШК мен ШЫҰ арасында бәсеке жоқ, олар бірін-бірі толықтырады – Қайрат Сарыбай

Қайрат Сарыбай
Фото: s-cica.org

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру туралы бастама көтергеніне 30 жыл толып отыр. Кеңестің бас хатшысы Қайрат Сарыбай Kazinform тілшісіне берген сұхбатында ұйымның осы уақыт ішінде қалай дамығанын, Қазақстанның бұл жолғы төрағалығы кезінде күн тәртібіне қандай басым бағыттар шыққанын айтты.

— Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру тәуелсіз Қазақстанның алғашқы халықаралық бастамаларының бірі болды. Бүгінде АӨСШК алдында қандай міндеттер тұр және оның толыққанды халықаралық ұйымға айналу процесі қалай жүріп жатыр?

— Өте дұрыс айтып отырсыз. АӨСШК бүгінде күрделі трансформация процесін бастан өткеріп жатыр. Трансформация дегеніміз не? Бұл — жаңа бюрократиялық инстанциялар құру немесе қандай да бір мәртебе беру ғана емес. АӨСШК трансформациясы Азияның халықаралық істердегі рөлінің жаһандық деңгейде артқан кезінде өтіп жатыр. Бүгінде Азия әлем дамуының экономикалық қозғалтқышы ғана емес, технологиялық трендтердің бағытын айқындайтын, жаһандық өсімнің 2/3 бөлігін шығаратын әлемдегі ірі шеберхана болып отыр.

Сәйкесінше, Азияның саяси істердегі рөлі айтарлықтай артып келеді. Біз Азиядағы ірі мемлекеттердің көптеген жаһандық мәселеге, соның ішінде қақтығыстарды шешу мен бітімгершілікке, сондай-ақ климаттың өзгеруі сияқты маңызды жаһандық саяси проблемаларды шешуге қатысып жатқанын көріп отырмыз.

Осылайша, АӨСШК-нің трансформациясы осы ұйым аясындағы ынтымақтастық Азияның өзекті мәселелерді шешудегі жаһандық ықпалына сәйкес келетін жаңа жоғары деңгейге шығуы керектігін білдіреді. Негізгі міндет — АӨСШК-ні байсалды дамытып, толыққанды халықаралық құрылымға айналдыру. АӨСШК өз эволюциясының 30 жылында елеулі табыстарға қол жеткізді: жүйелік қатынастар құрылып, тұрақты институттар жұмыс істеп тұр, басқару және атқарушы органы ретінде хатшылық жұмыс істейді. Бізде халықаралық ұйымға тән атрибуттардың барлығы дерлік бар.

Дегенмен, әлі де шешімін таппаған мәселелер жоқ емес. Кейбір басқару әдістері мен ынтымақтастық әдістері одан әрі жетілдіруді қажет етеді. Сондай-ақ, Азия елдері арасындағы ынтымақтастықтың әлеуетін жақсырақ ашуға көмектесетін жаңа құрылымдардың пайда болуы заңдылық. АӨСШК-нің бүгіні осындай, 2022 жылы өткен саммитте қабылданған трансформация туралы мәлімдемені жүзеге асырып, биылғы қарашада төрағалық тізгінді Әзірбайжанға кедергісіз өткізуге дайындалып жатырмыз.

— Қазақстан АӨСШК-ге төрағалық еткен 2020-2024 жылдар аралығындағы қандай негізгі бастамалар көтеріліп, басым бағыттар алға шықты деп ойлайсыз?

— Қазақстан өз төрағалығын 2020 жылы бастады. Бұл бүкіл адамзат үшін қиын кезең еді. Дегенмен кейінгі төрт жылдың ішінде біздің ұйымның дамуында елеулі жетістіктер де болды. Ең әуелі, 2022 жылғы саммитте АӨСШК-ні толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру туралы іргелі шешім қабылданғанын айтуға болады. Келешегі зор бастамалар жүзеге асты. Мысалы, талдау орталықтарының форумын тұрақты құрылымға айналдыру сияқты бұрын ұсынылған бірнеше бастаманы түбегейлі іске асыруға мүмкіндік туды. Бұл туралы Президент 2019 жылы Душанбеде өткен саммитте айтқан болатын. Сондай-ақ, «Даналар кеңесі» құрылып, ережелер әзірленді, төрағасы сайланды. Қазір белгілі бір себептермен жұмысы әлі басталмай жатқанымен, бұл — айтарлықтай жетістік.

Мемлекет басшылары мен үкімет басшыларының шешімімен АӨСШК қоры құрылды. Бұл қор сенім шараларын жүзеге асыруға ықпал ететін және дамуға бағытталған, соның ішінде трансшекаралық немесе шекарааралық жобаларды қаржыландыру көзі бола алады. Кәсіпкерлер кеңесі мен жастар кеңесі сияқты тұрақты жұмыс істейтін органдарымыздың жұмысы айтарлықтай жетілді. Бұл бағытта айтарлықтай жетістіктер бар.

Жыл сайын мемлекет мүшелері іскерлік кеңес аясында шағын және орта бизнестің өзекті мәселелерін, сондай-ақ пандемия жағдайындағы өзекті мәселелерді, ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың рөлін арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылау үшін жиналады. Мысалы, «Шағын және орта бизнес жасанды зейіннен қалай пайда көре алады» деген сияқты мәселелер іскерлік кеңес аясында талқыланады. Сонымен қатар, бизнес-форумдар өткізіледі. Осы форумдар арқылы кәсіпкерлер бір-бірімен жиірек араласып, халықаралық байланыстар орнатады, келісімдерге қол жеткізеді. Мұның бәрі АӨСШК жұмысының іс жүзінде пайдасы бар екенін көрсетеді.

Біздегі жастар кеңесінің әлеуеті зор. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың аса маңызды бастамасымен биыл алғаш рет министрлер деңгейінде халықаралық жастар кеңесі өтеді. Тақырыбы — волонтерлік. Волонтерлік — үкімет пен азаматтық қоғам арасындағы оңтайлы өзара іс-қимыл. Үкіметтің ресурсы жетпей жатқан жерде ерікті ұйымдар көмекке келе алады. Волонтерлік ұйымдар жетекшілерінің жиынын өткізу арқылы біз осы әлеуметтік құбылысқа лайықты көңіл бөлсек деп отырмыз. Сонымен қатар, жастар кеңесі аясында жастарды радикалсыздандыру сияқты маңызды мәселелер талқыланды. Жастарды блогосферада, түрлі платформаларда тарап жатқан экстремистік идеялардан қорғаудың әдіс-тәсілдері де талқыланды.

2022 жылы Астанадағы жастар кеңесі аясында студент жастардың академиялық алмасуына мемлекет мүшелерінің қалай ықпал ететіні туралы жан-жақты пікір алмасу өтті. Қазақстан «Болашақ» бағдарламасын, оның барлық артықшылығын, осынау ауқымды жобаны іске асырудағы тәжірибесін таныстырды. Сондай-ақ жастардың саясатта өзін қалай көрсете алатыны туралы мәселелер де сөз болды. Түркі қоғамдастығының Парламентшілер қауымдастығындағы жастар қанатын шақырдық. Түркітілдес мемлекеттердің жас парламентшілері саясатқа араласу және жастармен жұмыс істеу бағытындағы тәжірибесі туралы айтты.

Қазақстанның АӨСШК-ге төрағалығы аясында Мемлекет басшысының алға қойған басты міндеттерінің бірі жетекші университеттердің серіктестік желісін құру еді. Бұл мәселеде айтарлықтай жетістіктер бар. Серіктестік желісі дайын, жоғары лауазымды тұлғалар комитеті жетекші жоғары оқу орындарының серіктестік желісі туралы ережені Министрлер кеңесінің алдағы отырысында қарап, бекітуге ұсынды.

Қазірдің өзінде бұл желіні басқарғысы келетін бірнеше үміткер университет бар. Қазір осы үміткер университеттермен консультациялар, келіссөздер жүріп жатыр. Олардың ішінде Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Әзірбайжан университеттері де бар.

— Азиядағы көлік дәліздерінің рөлі ұдайы артып келе жатқанын ескерсек, АӨСШК қызметінің ауқымы да кеңейіп жатыр деп айта аламыз ба?

— Біз АӨСШК аясында Азиядағы байланыстарды қалай арттыруға болатынын талқылап жатырмыз. Сенімді және тұрақты тасымал бағыттары болмаса, тауарларды кеденнен өткізуде үйлесім болмаса, экономикада даму да болмайтыны түсінікті. «А» нүктесінен «В» нүктесіне дейінгі тасымал құны қымбат болса, экономиканың дамуы туралы айту қиын. Тіпті өндіріске жаңа технологияларды қалай енгізсеңіз де, тасымалдау шығыны жоғары болса, өніміңіз бәсекеге қабілетті болмайды.

Өкінішке қарай, пандемия кезінде біз көлік қатынасында айтарлықтай қиындықтарға тап болдық. Ең қажетті дәрі-дәрмектер мен тауарлар шекарадан кедергісіз өтуі үшін мемлекеттер қосымша келіссөздер жүргізуге мәжбүр болды. Азияда неғұрлым тұрақты байланыс жүйесін құру үшін Қазақстан Президентінің тұрақты байланыс жөніндегі кеңес құру туралы ұсынысын егжей-тегжейлі зерделеп жатырмыз.

Бүгінгі таңда тасымал экономиканың маңызды құрамдас бөлігіне айналды. Сондай-ақ, тасымал бағыттарының экологиялық тұрғыда таза болуы, жасыл технологиялардың пайдаланылуы және қоршаған ортаға барынша зиянсыз болуы өте маңызды.

— Шанхай ынтымақтастық ұйымы — АӨСШК серіктестерінің бірі. Астанада осы ұйымның саммиті өткелі жатыр. Бұл ұйыммен өзара әрекеттестік қалай жолға қойылған?

— Астана саммитінен кейін Шанхай ынтымақтастық ұйымы еуразиялық контурға шығады. Жарғылық құжаттарымызда ұйымның аясы Азия құрлығымен шектеледі деп көрсетілген. Беларусь елінің толыққанды мүше ретінде қосылуы ШЫҰ-ны еуразиялық деңгейдегі қауіпсіздік құрылымына айналдырады. Бұл — маңызды оқиға.

Ал АӨСШК мен ШЫҰ арасындағы әріптестікке келсек, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин екеуміз жақында бір-бірімізді өзара ықпалдастықтың 10 жылдығымен құттықтадық. Айта кетейік, бүгінде ШЫҰ-ға мүше болып отырған 9 мемлекет АӨСШК-ге де мүше. Демек, АӨСШК-нің географиясы ауқымды. Біздің ұйым келісімдерді жүзеге асыруда әлдеқайда икемді. Өйткені АӨСШК-де де, ШЫҰ-да да барлық шешімдер консенсус арқылы қабылданады. Қос құрылым да инклюзивті қадамдарға басымдық береді. Шешімдер барлық мүшелердің келісімінсіз қабылданбайды. Дегенмен, ШЫҰ жағдайында барлық шешім орындалуға міндетті. Бұл — өзінің ішкі тәртібі және ынтымақтастықтың құрылымдық бағыттары бар пікірлестер ұйымы.

АӨСШК-ге келсек, бізде де ШЫҰ-ға өте ұқсас мандаттар бар. Бірақ біз сенім шараларына көбірек көңіл бөлеміз. Бұл не деген сөз? Өкінішке қарай, алып Азия құрлығында қақтығыстар бар, кейбірі тіпті өткір фазаға өткен. Өкінішке қарай, бейбіт тұрғындар зардап шегіп, терроризм ұсқынсыз сипатын паш етіп отыр. Әрине, біз бұл зұлымдықпен күресуіміз керек. Сондықтан АӨСШК шеңберінде осы қақтығыстардың салдарын барынша азайту, қолдан келсе осы қақтығыстардың түйінін тарқату үшін сенім шаралары қажет. Мемлекеттер арасында диалог орнауы үшін алдымен сенім орнату керек. Соның негізінде ынтымақтастық құруға болады, даму содан кейін жүреді. Осылайша біз қауіпсіздік пен бейбітшілік ісіне қызмет етеміз. ШЫҰ-да өткір қауырт фазаға өтіп кеткен қақтығыстар жоқ. Кейбір мәселелер екіжақты форматта шешіледі деген келісімдер бар. Сондықтан АӨСШК мен ШЫҰ-ға ортақ жақсылықтар көп деп айта аламыз. Бірақ модальдық жағынан да айырмашылықтар да бар, бұл да дұрыс.

Сондықтан АӨСШК мен ШЫҰ-ға ортақ жақсылықтар көп деп айта аламыз. Бірақ модальдық жағынан да айырмашылықтар бар, бұл да дұрыс. Осының бәрін ескерсек, екі ұйым бір-бірін толықтырып тұр. Аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің кейбір әдістерін ұйымшыл әрі тәртіпке басымдық берген ШЫҰ аясында сынақтан өткізе аламыз.

АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің көбі ШЫҰ платформасында не болып жатқанын білгісі келеді. Сондықтан біздің өзара ықпалдастығымыз осы ақпаратқа есік болып отыр. Біз Ташкентте орналасқан ШЫҰ-ның Аймақтық терроризмге қарсы құрылымымен де ынтымақтастық орнатқанбыз. АӨСШК мен ШЫҰ қандай да бір түрде бәсекелес емес, керісінше бірін-бірі толықтырып отырады. Шанхай ынтымақтастық ұйымы хатшылығының өкілдері біздің іс-шараларға, біз олардың жиындарына шақырту алып, қатысып келеміз. Жарқын мысалдардың бірі — ШЫҰ-дағы Аймақтық терроризмге қарсы құрылымның жаңа сын-қатерлер мен қауіп-қатерлерге арналған конференциялар өткізуі.

— Астанадағы ШЫҰ саммитінің күн тәртібі саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың кең ауқымды өзекті мәселелерін қамтиды. Бұл мәселелер АӨСШК аясында талқылана ма? 

— Біздің мандаттарымыз ұқсас екенін жаңа айттым. Дегенмен, келісімдерді жүзеге асыру тәсілдері әртүрлі. Сондықтан, ШЫҰ аясында талқылау үшін таңдалған тақырыптардың өзектілігін ескерсек, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің салмағын еске алсақ, бүгінгідей аса тұрақсыз әлемде қауіпті кезеңге итермелейтін геосаяси тенденциялар бар кезде Астана саммитіне бүкіл Азия көз тігіп отырғаны сөзсіз. ШЫҰ саммитіне бейбітшілік пен ынтымақтастық күн тәртібінің басым тақырыбы болуын тілеймін.

— Қытай — АӨСШК негізін қалаушы елдердің бірі. Ұйымның қалыптасуы мен дамуындағы Қытайдың рөлін қалай бағалайсыз?

— Қытай — өте маңызды серіктес, елеулі мемлекет. Қытайдың Ұйымның қалыптасуына саяси жағынан да, материалдық жағынан да қосқан үлесі зор. Қытай АӨСШК-ге 2014-2018 жылдар аралығында төрағалық етті. Қытай басшылығы 2013 жылы Астанада Жібек жолы экономикалық белдеуі жарияланғаннан кейін «Бір жол — Бір белдеу» бастамасын көтергенін білесіз. АӨСШК аясында Қытай — қаржы және ауыл шаруашылығы сияқты бірқатар саланың үйлестірушісі. Ұйымдағы барлық елдің азаматтарына нақты қайтарымы болатын мәселелермен айналысады. Ауыл шаруашылығында өзара әрекеттестік неғұрлым көп болса, жаңа технологиялар туралы соғұрлым көбірек білеміз және сөрелерімізде өнімдер соғұрлым көп болады деп үміттенеміз. Қаржы қызметі туралы да осыны айтуға болады. Қытай өткізген үш бірдей қаржы саммитін АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің бәрі жоғары бағалады. Сондықтан да Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы қаржы саммиттерін АӨСШК-ның бір институтына айналдырып, қаржылық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылайтын алаңға айналдыру бастамасын көтерген еді.

Қазір қаржы жүйесі күрделі мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Осы күрделі мәселелерді құрлық деңгейінде талқылау пайдалы болар еді. Бұл да — Қытай тарапының бастамасы. Сонымен қатар, талдау орталықтарының форумы, үкіметтік емес ұйымдар форумы, сарапшылар форумы сияқты бастамалары өміршеңдігін көрсетіп отыр. Қазір сарапшылар форумы тұрақты жұмыс істейтін институтқа айналды. Қазір ол — Қытайдың бастамасы ғана емес, АӨСШК-ге мүше 28 елдің бәріне ортақ жоба. Сондықтан Қытайдың үлесін асыра бағалау мүмкін емес. Қытайдың жаһандық бастамалары негізінен біздің күн тәртібіміздегі мәселелермен сәйкес келеді. Мен Қытай Халық Республикасына АӨСШК аясындағы жалғасып жатқан бастамалары үшін және Қытай үкіметінің біздің хатшылықтың бюджетіне қосып отырған материалдық ресурстары үшін алғыс айтамын. Бұл — біздің ұйым үшін № 2 донор. Қытай да АӨСШК хатшылығына жұмыс істеу үшін жоғары білікті дипломаттарын үнемі жіберіп отырады. Сол дипломаттардың бірі былтыр Президенттің жоғары марапатына ие болды.

Соңғы жаңалықтар
telegram