Апаттан зардап шеккендерге көмек көрсету қорына 150 миллион теңгеден астам қаржы түсті
АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің 17 қаңтардағы берген тапсырмасына сәйкес Сарыағаш және Созақ аудандарында табиғи апаттан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында құрылған облыстық қор өз жұмысын бастады. Қорға 150 миллион теңгеден астам қаржы түсті. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен хабарланды.
Баспасөз қызметінің хабарламасына қарағанда, бүгіннің өзінде кәсіпкерлер облыстық қорға 40 млн. теңгеден астам қаржы құйған. Бұдан өзге облыс әкімі бастаған облыс басшылары мен аудан, қала әкімдері және басшылық қызметтегі мемлекеттік қызметшілер бес күндік, қатардағы мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік мекемелердің басшы қызметкерлері бір күндік жалақысын аударатын болды. Бұл қаржы шамамен 110 млн. теңгеден асады.
Естеріңізге сала кетейік, 12 қаңтар күні Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында қатты жел тұрып, салдарынан 1949 жеке тұрғын үй, 174-ке тарта пәтер, 19 білім беру, 14 денсаулық сақтау нысаны, 4 мешіт зардап шеккен болатын.