Апатты жағдайдағы үйлердің көбі қай өңірде

АСТАНА.KAZINFORM — Қазақстанда апатты жағдайдағы үйлердің саны қанша? Бұл сұраққа Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жауап берді.

Апатты үй
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

— Бүгінде жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша елімізде 61 367 көппәтерлі тұрғын үй (бұдан әрі- КПТҮ) бар. Оның ішінде 1 037 апатты және 3 369 тозығы жеткен үй тіркелген. 14 673 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуді қажет етеді, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында. 

Бұл тұрғыда апататты үйлердің көбі Астанада (158) және Атырау (201) мен Батыс Қазақстан (73) облыстарында тіркелген.

Айта кетейік, Қазақстанда жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарға тұрғын үй бөлуге қатысты өзгеріс енгізілді. Енді жергілікті бюджет есебінен салынған немесе сатып алынған баспананы оларға бөлу мәселесін әкімдіктер қарайды. 

Бұған дейін жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарды баспанамен қамту ісі «Отбасы банкі» арқылы жүргізілетін.

Еске салайық, бұған дейін апатты тұрғын үйлерді реновациялауға жаңа кепілдік тетігі енгізілгені хабарланды.