Apple чип өндірісіне 30 миллиард доллар инвестициялайды
АСТАНА. KAZINFORM — Apple компаниясы Broadcom-пен жасалған чип жеткізу туралы келісім аясында 30 миллиард доллардан астам қаржы жұмсауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі хабарлады.
Компанияның мәліметінше, келісім аясында Apple құрылғыларының сымсыз байланысын қамтамасыз ететін FBAR filters деп аталатын радиожиілікті чиптер жеткізіледі. Apple бұл чиптерді Broadcom компаниясымен бірлесіп 2023 жылдан бері әзірлеп келе жатқанын атап өтті.
Broadcom iPhone өндірушісімен 2031 жылға дейін чип жеткізуге арналған ұзақмерзімді келісім жасалғанын хабарлады. Сонымен қатар компания Колорадо штатындағы Форт-Коллинс қаласындағы зауытын кеңейтуге 1,5 миллиард доллар инвестиция салмақ.
Келісім аясында кемінде 15 миллиард чип өндіріледі. Бұл бастама АҚШ президенті әкімшілігімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан, елде өндірілетін чиптердің үлесін арттыруға бағытталған саясаттың бір бөлігі.
Еске салайық, бұған дейін Apple компаниясы бас директоры қызметінен кететін Тим Кук жад чиптерінің құнының күрт өсуіне байланысты өнімдер бағасын көтеру жоспарын жариялады.