Apple-дің алғашқы жиналмалы смартфоны қашан қолданысқа шығады

АСТАНА. KAZINFORM — Америкалық Apple корпорациясы өзінің жиналмалы экраны бар алғашқы смартфонын қыркүйектің басында шығару мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды ТАСС.

Apple-дің алғашқы жиналмалы смартфоны қашан қолданысқа шығады
Фото: 9to5mac.com

Оңтүстік Кореяның «Чунан ильбо» газетінің хабарлауынша, Samsung Display мамыр айында Apple-дің жаңа құрылғысы үшін дисплейлер шығаруды бастайды және осы форма факторы бар экрандардың жалғыз жеткізушісі болады.

— Негізгі кесте бойынша құрылғы қыркүйек айында шығарылуы тиіс, бірақ ол кейінге қалдырылуы мүмкін. Бүктелетін модельдің бірінші партиясы үшін шамамен 9 миллион панель жеткізіледі, — деп жазды басылым.

Ал Apple және Samsung Display бұл ақпаратқа түсініктеме беруден бас тартты.

Бұған дейін Samsung Display бүктелетін смартфондарға арналған жаңартылған OLED дисплейін таныстырды. Желтоқсан айында Samsung Electronics Оңтүстік Кореяның ішкі нарығында өзінің алғашқы үш жақты смартфоны Galaxy Z TriFold сатылымын бастады. Бұған дейін 2024 жылдың қыркүйегінде қытайлық Huawei компаниясы әлемде ұқсас дизайндағы алғашқы смартфонды — Huawei Mate XT шығарған болатын.

Apple құрылғысы классикалық дизайнға ие болады және тек жартылай бүктеледі деп жоспарланған.

Айта кетейік, Apple Үндістаннан Ресейге iPhone сатылса, айыппұл салатынын ескертті.

Соңғы жаңалықтар