Apple жасанды интеллект функциялары бар жаңартылған Siri нұсқасын таныстырды
АСТАНА. KAZINFORM – Apple компаниясы жыл сайын өтетін WWDC конференциясында жасанды интеллектімен жабдықталған Siri дауыстық көмекшісінің жаңартылған нұсқасын таныстырды, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.
Агенттіктің The Wall Street Journal басылымына сілтеме жасап хабарлауынша, жаңа әзірлеме Google компаниясымен бірлесіп жасалған. Пайдаланушы деректерін пайдалану арқылы көмекші күрделірек сұрақтарға жауап беріп, түрлі тапсырмаларды орындай алады.
Тұсаукесер барысында Apple жасанды интеллектімен толықтырылған Siri-дің билет сатып алу, іс-шараларды жоспарлау, фотосуреттердегі нысандарды тану және олармен өзара әрекеттесу мүмкіндіктерін көрсетті.
Компания сондай-ақ көмекшінің дизайны мен дауысын жаңартып, сөйлеу жылдамдығы мен дауыс мәнерін реттеу баптауларын қосты.
Сонымен қатар жаңа функцияларға қолжетімділік пайдаланушының өңіріне, құрылғы бағасына және техникалық мүмкіндіктеріне байланысты болады. Кейбір мүмкіндіктерге, мысалы, кескін генерациясына тәуліктік шектеулер енгізілген. Ал кеңейтілген қолжетімділік iCloud+ жазылымы арқылы ұсынылуы мүмкін.
Жасанды интеллект функцияларының бір бөлігі бастапқы кезеңде Еуропалық одақ елдеріндегі iPhone және iPad құрылғыларында жұмыс істемейді. Қытайда бұл қызметтердің іске қосылуы реттеуші талаптарға байланысты кейінге қалдырылған.
Бұдан бөлек, ең озық функциялар тек заманауи чиптермен жабдықталған жаңа Apple құрылғыларында қолжетімді болады.
Компания сондай-ақ Golden Gate атауына ие болған macOS 27 операциялық жүйесін таныстырды. Алдымен оның бета-нұсқасы әзірлеушілерге ұсынылады, кейінірек кеңірек пайдаланушылар тобына қолжетімді болады. Толыққанды релиз осы күзде шығады деп күтілуде.
Ағылшын тіліндегі жасанды интеллектімен жұмыс істейтін Siri қолдауы биыл іске қосылады.
Айта кетейік, бұған дейін Apple компаниясы iPhone смартфондарын көшедегі ұрлықтан қорғауға арналған жаңа функция әзірлеп жатқаны хабарланған еді.