Апта ішінде республикада есірткімен байланысты 96 қылмыс анықталып, олардың 24 фактісі есірткіні саудалауға қатысты болды - апталық брифинг
Бұл мәліметтермен бүгін журналистермен болған брифинг барысында Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның деректеріне қарағанда, апта ішінде есірткімен байланысты 96 қылмыс анықталып, олардың 24 фактісі есірткіні саудалауға қатысты болды. Заңсыз айналымнан 30 келіден астам есірткілік заттар тәркіленген. «Астанада арнайы жүргізілген жедел-сауықтыру шараларының барысында Ішкі істер министрлігінің Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері 22 жасар жергілікті азаматты ұстап, оның пәтерін тінту барысында 762 грамм гашиш тапты. Аталмыш әрекет бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ Ақмола облыстық ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері Көкшетау қаласының 45 жасар азаматын ұстап, одан 180 грамм героин тапты. Семейде жедел-іздестіру шараларының барысында Шығыс Қазақстан облысының 23 жасар азаматы ұсталып, ол тұрып жатқан жалдамалы пәтерден 11 келі гашиш табылды», деді департамент бастығы.