АПТАЛЫҚ ШОЛУ: ҮИИД бағдарламасын Үкімет елімізді индустрияландырудың ең басты бағдарламасы ретінде санайды - Үкімет басшысы

АСТАНА. 25 қазан. ҚазАқпарат - Министрлер кабинетінің 22 қазан, сейсенбі күні өткен отырысында «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы талқыға салынды. Онда ҚР Өңірлік даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ-ның жаңа басшысы Айбатыр Жұмағұлов және «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ «Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ның басшысы Болат Палымбетов сөз сөйлеп, еліміздегі тұрғын үй мәселесін жан-жақты таратып айтты.

АПТАЛЫҚ ШОЛУ: ҮИИД бағдарламасын Үкімет елімізді индустрияландырудың ең басты бағдарламасы ретінде санайды - Үкімет басшысы

Отырыста сөз алған ҚР Өңірлік даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, ағымдағы жылы Қазақстанда несиелік баспананың құрылысы мен оны іске асыру бағытына 30,1 млрд. теңге қарастырылды. 1 қазандағы жағдай бойынша өңірлерге 20 млрд. теңге аударылып, оның 16,3 млрд. теңгесі немесе 81 пайызы иегерілген екен. Қаржының тиісті деңгейде игерілмеуі Жамбыл, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарында жол берілген.

Мұнымен қоса Қ. Өскенбаев 2013 жылға жас отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары - 117 мың шаршы метрді немесе 1,6 мың пәтерді қамтып отырғандығын сөз етті.

Осы орайда 9 айдың ішінде көлемі 40,7 мың шаршы метр 680 пәтер немесе жылдық жоспардың 35 пайызы салынды. Бұл ретте, 6 облыста - Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай және Павлодарда мерзімінен бұрын 2012 жылы жас отбасылар үшін көлемі 28,2 мың шаршы метр болатын 526 пәтер салынғанын атап өту қажет. «Осыларды қоса есептегенде, көлемі 68,9 мың шаршы метр 1206 пәтер немесе жоспардың 59 пайызы салынды», - деп атап өтті вице-министр.

Жас отбасылар үшін жалға берілетін қалған тұрғын үйлерді пайдалануға беру биылғы қараша-желтоқсан айларына жоспарланып отыр.

Ал «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ-ның жаңа басшысы Айбатыр Жұмағұловтың сөзіне қарағанда, жыл соңына дейін «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында банк желісі арқылы 6 мың пәтерлік 74 тұрғын үй тапсырылады.

Оның айтуынша, биылғы жылы тапсырылатын баспананың ауданы - 384 мың шаршы метр, ал оның жалпы құны - 43,4 млрд. теңге.

Бағдарламаны іске асыру басталғалы банк пен жергілікті атқарушы органдар арасында жалпы ауданы 875 мың шаршы метр аумақтағы 13,7 мың пәтерлік 171 тұрғын үйдің құрылысы бойынша келісімдер бекітілді.

Белгілі болғандай, пәтерге деген сұраныстың басым бөлігі Астана мен Алматыда байқалуда. Сонымен қатар жоғары сұраныс Ақтөбе, Қарағанды, Орал, Өскемен және Павлодар қалаларында тіркелуде.

Өз кезегінде «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ «Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ның басшысы Болат Палымбетов алдағы жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 94 мың шаршы метр жалдамалы тұрғын үйді тапсыру көзделгенін хабарлады.

Оның мәліметтеріне қарағанда, бағдарлама аясында қор құрылысшылармен бірлесе Астана, Алматы, Ақтөбе, Тараз қалалары мен Алматы облысында тұрғын үй құрылысының жеті жобасын жүзеге асыруда. Бекітілген келісімдер бойынша нысандардың жалпы ауданы 578 мың шаршы метрді құрады.

«Тоғыз айдың қорытындысы бойынша биылғы жылы тапсырылатын нысандар тұрғысында орындалған құрылыс-монтаждау жұмыстыры 76 пайыздан астам деңгейде. Осыны ескере отырып, бағдарлама аясында жыл соңына дейін 60 мың шаршы метрді пайдалануға беру жоспарланып отыр. 2014 жылы сатып алу құқымен жалдамалы баспана үшін Жылжымайтын мүлік қорының 94 мың шаршы метр тұрғын үйі тапсырылмақ», - деді Б. Палымбетов.

Үкімет отырысындағы талқылаулардан кейін Серік Ахметов министрліктер мен ведомстволардың басшыларына, сондай-ақ өңір әкімдеріне бірқатар тапсырмалар берді.

«Бірінші тапсырма Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне - «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы бойынша қаржы бөлу. Өңірлік даму министрлігіне - бюджет қаражатының уақтылы игерілуін бақылауға мониторинг жүргізу; облыстар, Астана мен Алматы әкімдеріне - биылғы жылға жоспарланған тұрғын үй көлемін пайдалануға беруді қамтамасыз ету», - деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, бағдарлама шеңберінде 6,8 млн. шаршы метр тұрғын үй салу көзделіп отыр. Бұл - орындалатын жоспар. «Сонымен қатар, бізге 2014 жылғы жоспарымызды да бір қарап шығу керек. Жыл соңында келесі жылғы тұрғын үй бойынша жоспарымызбен салыстыратын боламыз», - деді С. Ахметов.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы әкімдерге аталған бағдарламаның негізгі бөліктерінің бірі ретінде жеке тұрғын үй құрылысын қадағалауды тапсырды.

Сондай-ақ, Премьер-Министр Өңірлік даму министрлігі мен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне бірлесіп үш жылдық «Үй салу комбинаттарын жүктеу бағдарламасын» жасап шығаруды тапсырды.

Серік Ахметов құрылысшылардың жауапкершілігін күшейте отырып, тұрғын үй құрылысына үлескерлердің қаржысын тартуды ұсынды. Осы орайда Үкімет басшысы баспана салуда негізгі үлес коммерциялық тұрғын үйге тиесілі екенін атап өтті. Бұл өз кезегінде 90 пайыз деңгейіндегі көрсеткішке тең.

«Бұл - қалыпты көрсеткіш. Себебі, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бағыттарының барша әкімшілерінің басты мақсаты - тұрғын үй құрылысында жеке инвестицияларды ынталандыру, оның ішінде коммерциялық және жеке тұрғын үй құрылысы. Алайда, бұл жерде заңнамалық деңгейде бірқатар проблема бар. Тұрғын үй құрылысында үлестік қатысу туралы заңға енгізілген өзгерістерді ескере отырып, құрылыс салушы компаниялар үлескерлердің қаржысын тартуға құқы жоқ. Мен Өңірлік даму министрлігіне құрылыс жүргізетін компания мен үлескерлердің көңілінен шығатын тетікті әзірлеуді тапсырдым. Бүгінде аталған бағытта қиғаштық бар»,- деді С. Ахметов.

Ал сәрсенбі күні, яғни 23 қазанда Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының мақұлдануына қатысты пікірін білдірген Серік Ахметов: «Бюджеттік саясат негізінен мемлекеттік қаржы құрылымдарының теңгерімділігін қамтамасыз етуге бағытталатын болады», деп мәлімдеді.

Үкімет басшысы келесі 2014 жылы әлемдік экономикадағы дағдарыс көріністерінің жалғасуына орай экономиканы контрциклды реттеу шаралары жалғасатынын мәлімдеді. С. Ахметовтың айтуынша, жоспарланған деңгейде әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуге де Үкімет барлық күшін салады.

«Жалпы, орта мерзімді кезеңге арналған бюджеттік саясат негізінен мемлекеттік қаржы құрылымдарының теңгерімділігін қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Ал бюджеттік саясаттың негізгі басымдықтарына әлеуметтік жаңғыру, өңірлерді дамыту, экономиканы әртараптандыру, шағын және орта бизнесті қолдап, дамыту, сонымен қатар, индустрияландырудың серпінді дамуына жағымды орта қалыптастыру болып табылады», - деді Премьер-Министр.

Сондай-ақ, ол Индустрияландыру бағдарламасы арқасында айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткенін атап өтті.

«Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын Үкімет елімізді индустрияландырудың ең басты бағдарламасы ретінде санайды. Осы бағдарлама арқасында төрт жыл ішінде салмақты әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қол жетті. Атап айтқанда, осы бағдарлама жүзеге асқалы бергі үш жылда өнеркәсіпте жұмыспен қамтылғандар саны 9 пайыздан асты, үш жыл ішінде 550-ден астам жоба іске қосылып, олармен 2 трлн. теңгеден астам өнімдер шығарылды. Сонымен қатар, осы бағдарлама аясында бюджетке түскен салық 1 трлн. теңгенің шамасында болды», - деді Үкімет басшысы.

Бұдан бөлек, Премьер-Министр бағдарламаның кейбір жобалары бойынша қаражаттың игерілмеуі, олардың жобалық қуаттарына шыға алмауы секілді проблемалардың орын алғанын да атап өтті. «Алайда, бұл негізінен жергілікті және салалық мемлекеттік органдармен реттелетін үдеріс болуы керек», - деді Серік Ахметов.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы индустрияландыру бағдарламасы аясында 250-ге тарта өнім түрлері жаңадан шығарылып жатқанын да атап өтті. Ал ондай өнімдер әлемнің 110-нан астам елдеріне экспорттала бастаған. Бұдан бөлек, индустрияландыру бағдарламасының арқасында елімізде экономиканың тың салалары серпінді даму үстінде. «Осы маңызды бағдарламаның алғашқы бес жылдығы аяқталып келеді. Осыған орай, Үкімет «Атамекен» одағы» ұлттық палатасымен бірлесіп екінші бесжылдық тұжырымдамасын әзірлеуде. Сондықтан да депутаттарды бағдарлама жобасын қалыстастыруға белсенді түрде қатысуға шақырамын», - деді Үкімет басшысы.

Ал 24 қазан, бейсенбі күні Астанадағы Орталық Азия аймақтық экономикалық ынтымақтастық (ОААЭЫ) бағдарламасының 12-ші министрлер конференциясына қатысқан Үкімет басшысы Азия даму банкі Қазақстан экономикасына 2,5 млрд. АҚШ долларынан астам инвестиция бағыттағанын мәлімдеді.

«Қазақстанның инфрақұрылымы мен шикізаттық емес секторына инвестиция сала отырып, еліміздің экономикасын жаңғыртуда Азия даму банкі маңызды рөл атқарып жатқандығын атап өткім келеді», - деді С. Ахметов.

Бұл тұрғыда Үкімет басшысы әріптестік аясында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» ауқымды жобасын ескеріп өтті.

Сонымен қатар Премьер-Министр 2010 жылы АДБ шағын және орта бизнес саласын дамытуға ірі көлемде қарызды ұсынғандығын еске салды.

Атап айтқанда, ОААЭЫ аясындағы әріптестік 10 мемлекетті қамтып отыр. Онда Ауғанстан, Әзірбайжан, Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Пәкістан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан елдері бар. Азия даму банкі ОААЭЫ-ның хатшылығы ретінде 2001 жылдан беріп жұмыс істеп келеді.

Жұма, қазанның 25-інде Серік Ахметов Алматы облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында Үкімет басшысы Алматы облысындағы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы мен әлеуметтік-экономикалық дамуы барысымен танысты.

Үкімет басшысы сапарын Іле ауданының кәсіпорындарынан бастады. Алдымен жергілікті құс фабрикасында болды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде кәсіпорында жылына 16 мың тонна құс етін өндіретін бройлер фабрикасының құрылысы жүргізілуде. Құны 4,5 млрд. теңгелік жаңа кәсіпорынды іске қосу 2014 жылдың бірінші жартысына жоспарланған. Жобаны жүзеге асыру 300-ден артық тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, С.Ахметов «Алматы желдеткіш зауыты» ЖШС-ға барды. Кәсіпорында ғылыми-өндірістік зерттеулер жүргізіліп, ауа баптағыш техникалар жасалады. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына қатысудың арқасында зауыт өндіріс көлемін, экспорт аумағын кеңейтіп және жұмыс орнының санын арттырды. Бүгінде шығарылған өнім түрлері 100-ден астам. Зауыттың жобалық қуаты - жылына 120 мың бірліктен жоғары.

Сонымен қатар, ҚР Премьер-министрі Серік Ахметов Алматы облысындағы «Сары-Бұлақ» компаниясы», «Алматы желдеткіш зауыты» ЖШС мен Алматы қаласы маңындағы 4 серіктес қала құрылысымен танысты. Үкімет Басшысы өндіріс орындарын аралап, облыс басшыларының 9 айдың қорытындысына байланысты есебін тыңдап, атқарылған жұмыстарға көңілі толатынын жеткізді. Ал «Алматы облысындағы Алматы қаласы маңындағы 4 серіктес қаланың құрылысы» жобасымен (G-4 City) танысу кезінде оның орындаушысы «G-4 City» ЖШС-нің бас директоры Вячеслав Кимге бірқатар ескертулер айтты.

«Gate City» (Қақпа қала), «Golden City» (Алтын қала), «Growing City» (Өсу қаласы), Green City (Жасыл қала) деп аталатын 4 қаладан тұратын жалпы аумағы 8 006,7 га жерге құрылыс жүргізілмек. Алғашқы кезеңде 2011-2014 жылдары Қақпа қала мен Өсу қаласының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының құрылысы жүргізілуі тиіс болатын. Онда арнайы экономикалық аймақ құрылып, серіктес қос қаланың құрылысы инвесторлар тарту есебінен салынады деп жоспарланған. Алайда жоспар бойынша салынуы тиіс құрылыс жұмысы кешеуілдеуде. Сондай-ақ, С. Ахметов Алматы облысындағы жұмыс сапары кезінде Батыс Алматы автожолы жобасын мақұлдады.

«Бұл жолдың біз үшін маңызы өте зор. Қазір Алматыда транзиттік жүк тасымалы қиындады. Өйткені Қорғас-Алматы темір жолының іске қосылуына байланысты жүк тасымалының көлемі ұлғайды. Сондықтан 2014 жылы 74,9 шақырымды консенсустық автожолдың жобалық-сметалық жобасы жасалып, 1-тоқсанда құрылыс жұмыстары басталады. 2017 жылы ол іске қосылған кезде 15 млн. тоннадан астам жүк тасымалдау жоспарлануда», - дейді «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның бас менеджері Әли Қарабалин. Оның айтуынша, Батыс Алматы автожолы іске қосылған кезде Жетіген-Қорғас пен Достық торабы бойынша тасымалданатын жүктің көлемі 17-18 млн тоннаны құрайтын болады.