Аптаның кинопремьералары: Қазақстан кинотеатрларында не көруге болады
АСТАНА.KAZINFORM — Жаңа киноаптаның басталуымен көрермендерді қызықты премьералар күтіп тұр. Алдағы күндері назар аударуға тұрарлық фильмдер туралы Kazinform тілшісінің материалынан оқыңыз.

«Ыстық ұя»
Қазақстандық режиссер Дархан Қариповтың драмалық фильмі.
Бірнеше жыл Кореяда жұмыс істеген соң, Ғалия туған ауылына өз қаражатына тұрғызған ата-анасының үйіне оралады. Жаңа үйге қоныс тойға туыстары жиналады, бастапқыда бәрі оның оралуына қуанышты сияқты көрінеді. Алайда ортақ дастарқан басында әркімнің үйге деген шын ниеті мен көзқарасы біртіндеп ашыла бастайды.
Ағайындары — Абай мен Ермек, кіші сіңлісі Әлия және жездесі Шалқар әрқайсысы үйдің болашағына қатысты өз пікірін айта бастайды. Уақыт өте келе жасырын қалған реніштер, бәсекелестік, өкпе-наз бен бұрын айтылмаған сырлар сыртқа шығып, отбасы қатынасындағы шынайы болмысты айқын көрсетеді.
«Аватар: Су жолы» (қайта көрсетілім)
Джеймс Кэмеронның аңызға айналған фильмінің жалғасы — «Аватар: Су жолы» қайтадан үлкен экранға оралды. Фильм көрермендерді қайтадан Пандора ғаламшарына жетелейді, мұнда Джейк Салли мен Нейтири қазір отбасын тәрбиелеп отыр.
Бірақ олардың тыныш өміріне жаңа қауіп төнеді. Кейіпкерлер үйін тастап, Пандораның мұхиттарын зерттеуге және жаңа тайпалар мен сын-қатерлермен бетпе-бет келуге мәжбүр болады.
Фильм заманауи визуалды эффектілердің соңғы технологияларын қолдану арқылы жасалған тамаша суасты әлеміне қайта бойлауға мүмкіндік береді.
«Керексің»
Қазақстандық драма. Бұл жас ерлі-зайыпты Әділет пен Айжанның хикаясы.
Олардың тыныш әрі қарапайым өмірі бір сәтте астан-кестен болады. Айжаннан төртінші сатыдағы қатерлі ісік анықталады, дәрігерлер оған аз уақыт қалғанын айтады.
Әділетке бүкіл отбасының жауапкершілігін мойнына алуына тура келеді, бір жарым жастағы Назік пен алты жастағы Инаяға қамқор болып, оларға әке де, ана да болу қажет. Ауыр диагнозға қарамастан, ол соңына дейін күресуге және Айжанға өмір сүруге мүмкіндік сыйлау үшін барын салуға бел буады.
«От ішіндегі әлем»
Күннің жойқын жарқылы Жердің шығыс жарты шарын күлге айналдырғаннан кейін, әлем хаосқа түседі.
Осы дүрбелеңнің ортасында қазына іздеуші өміріндегі ең қауіпті ұрлықты жүзеге асыруға шешім қабылдайды. Оның мақсаты әлемдегі ең танымал туынды, «Мона Лизаны» ұрлау. Бұл туынды қазір планетадағы ең қауіпті жерде жасырылған. Бірақ сонымен бірге ол әлемді де құтқаруға тырысады егер, оған бұл миссияны орындау бұйырса.
«Бауырлар мұрасы»
Ешқашан кездеспеген екі немере бауыр ғасырлар бойы жиналған отбасылық даулар мен келіспеушіліктердің түйінін шешуге мәжбүр болады.
Ирландиялық Киаран әкесінің соңғы өсиетін орындап, Нью-Йорктен келген немере інісі Барриді Ирландияға шақырады. Күнделікті тіршіліктен шаршаған Барри бұл ұсынысты қабыл алады.
Алайда жылы қабылдаудан кейін Барридің Киаранның әкесінен қалған мұраның жартысына ие болғаны белгілі болады. Бұл жаңалық олардың арасындағы қатынасты күрт шиеленістіріп жібереді.
«Тозақ үйі: Ібіліске түсу»
Ванесса түсінде үрейлі елестерді көреді. Олар оны «Абаддон қонақүйіне» — «Тозақ үйі» деген атпен белгілі қарғыс атқан жерге жетелейді.
Оған журналист жолығып, бұл қонақүйдің, Кармайклдар әулетінің иелігінің және ұзақ жыл бойы болған жұмбақ өлімдердің арасында байланыс барын айтады.
Ванесса көп жыл бұрынғы қайғылы оқиға ежелгі жын-періні оятқанын біледі. Енді «Тозақ үйі» жаңа құрбандар іздеуде. Ванесса өз түсі шындыққа айналмай тұрып, жынның қарғысын тоқтатудың амалын табуы тиіс.